Жамбыл облысына жарты жылда 301,8 млрд теңге инвестиция тартылды

821
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/BKHxLsrY1peYkN9otVIMkgn9WJ9FqL8QnljU5PNo.jpg

Жамбыл облысының инвестициялық тартымдылығы артып, ірі жобалар сәтті жүзеге асуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында инвестициялық саясатқа басымдық беріп, өңдеу өнеркәсібіне қаржы тарту, ірі инвесторлармен қатар шағын және орта жобаларды қолдау, олармен жүйелі қарым-қатынас орнату міндеттерін жүктеген болатын.

Өңірде осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 301,8 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 48,1%-ға артты.

Биыл жалпы құны 175,2 млрд теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге асырылып, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. 

Ал 2023–2024 жылдары құны 289 млрд теңге болатын 48 жоба пайдалануға берілді. Олардың қатарында «Шатыркөл» кен байыту фабрикасы, «KORCEM» цемент зауыты және «Karatau Chemicals» кәсіпорны бар.

Инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін Тараз қаласындағы индустриалды аймақ толық инфрақұрылыммен қамтылып, алдағы жылы шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылады. Мұнда есік шығару, шыны өндіру, тамшылатып суару жүйелері, құрғақ құрылыс қоспалары мен бетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар ашылады. Сонымен қатар аудандарда Талас, Сарысу-1, Сарысу-2, Меркі және Құлан субаймақтары құрылуда.

Қайта жаңғырған «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы бүгінде ірі жобалар жүзеге асырылып жатқан Орта Азиядағы бірегей өндірістік алаңға айналды. АЭА аумағы 805 гектарға ұлғайып, қосымша 400 гектарлық субаймақ ашылды. Мұнда жел генераторлары зауытының алғашқы кешені іске қосылды. Сондай-ақ жүгеріні терең өңдейтін Орта Азиядағы ең ірі кәсіпорын, жылына 3 млн тонна темір бұйымдарын шығаратын металлургиялық зауыт құрылысы жүріп жатыр.

Бұдан өзге, өндірістік кремний, сутегі асқын тотығы, желатин, мототехника және натрий цианидін өндіруге бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылуда.

Ал қараша айында жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын шығара алатын «Еврохим Қаратау» ЖШС-нің ірі өндірісінің алғашқы кезеңі іске қосылады деп күтілуде.

Comments