Алматы – еліміздің ең ірі қаласы әрі мәдени, ғылыми, іскерлік орталығы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше жариялаған Жолдауында Алматының даму бағытына ерекше тоқталып, мегаполистің болашағы Қазақстанның өркендеуімен тікелей байланысты екенін атап өтті.
Қазіргі таңда Алматы агломерациясымен бірге 3,8 миллионнан астам адамға мекен болып отыр. Халық санының жыл сайын шамамен 3 пайызға өсуі – орташа республикалық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Президенттің айтуынша, мұндай қарқынды өсім жаңа инфрақұрылым, қолжетімді баспана және әлеуметтік нысандар салуды қажет етеді.
Мегаполистегі басты мәселелердің бірі – көлік кептелісі. Күн сайын қала жолдарымен 500 мыңға жуық адам қатынайды, бұл жағдай көліктік инфрақұрылымға зор салмақ түсіреді. Президент Жолдауында Алматыдағы қоғамдық көлікті жаңғырту, метро мен жеңіл рельсті көлік жобаларын дамыту қажеттігі айтылды.
Алматы экологиясына қатысты мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Сарапшылар дерегіне сүйенсек, қаланың ауасындағы зиянды қалдықтардың 60 пайызы көліктен шығады. Жолдауда Мемлекет басшысы экологияны жақсартуға ерекше көңіл бөліп, Алматыда ауаны тазарту жобаларын жүзеге асыруды тапсырды. Бұл қала тұрғындарының денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам болмақ.
Алматыда әлі де апатты жағдайдағы тұрғын үйлер аз емес. Ресми дерек бойынша, қалада 1 300-ден астам ескі үй бар, онда 40 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Президент Жолдауында қаладағы ескі үйлерді кезең-кезеңімен жаңарту, тұрғындарды жаңа баспанаға көшіру қажеттігі баса айтылды. Бұл шара тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етеді.
Президент Жолдауы – Алматы сияқты мегаполистер үшін нақты іс-қимыл жоспары. Халық санының өсуі, көлік жүйесінің жүктемесі, ауаның ластануы мен ескі тұрғын үйлер мәселесін шешу – қаланың дамуының басты кепілі. Алматы – Қазақстанның экономикалық және мәдени жүрегі, сондықтан оның болашағы бүкіл ел үшін маңызды.