2025 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында әлемге белгілі тарихшы, АҚШ-тағы Карлтон колледжінің профессоры Адиб Халидтің «Орталық Азия: империялар отарлағаннан бастап қазіргі заманға дейінгі жаңа тарих» атты кітабының қазақ тіліндегі басылымының тұсаукесері өтті. Еңбек қазақ тіліне тікелей ағылшын тілінен аударылды.
Бұл кітаптың қазақ тілінде жарық көруіне CAPS Unlock орталығы себепкер болды. CAPS Unlock – Орталық Азияға бағытталған тәуелсіз сараптамалық орталық. Ол аймақтың өзекті мәселелеріне қатысты сапалы әрі мәнді әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, сарапшылар мен қоғам арасындағы пікірталас алаңын дамытуды мақсат етеді және жыл сайын әлемде және Орталық Азия үшін маңызды деп есептелетін ғылыми еңбектерді қазақ және орыс тілдеріне аударып, авторлардың құнды дәрістері мен сұхбаттарын ұсыну арқылы қоғамдық ойға үлес қосып келеді.
Мысалы, 2023 жылы әйгілі экономист әрі философ Франсис Фукуяманың еңбегі жарияланса, 2024 жылы Оксфорд университетінің тарихшысы Питер Франкопанның экология мен тарихты тоғыстырған «Жердің айтылмаған тарихы» атты көлемді еңбегі қазақ және орыс тілінде жарық көрді. Ал Адиб Халидтің бұл кітабы орыс тілінде бір жыл бұрын «Альпина» баспасынан шыққан болатын.
Ең қызығы, бұл авторлардың барлығын Қазақстанға шақырып, қазақ оқырманына жақындатқан – CAPS Unlock орталығының басшылары Аида Айдарқұлова мен Наргиз Қасенова.
Профессор Адиб Халид – Орталық Азия тарихының заманауи зерттеулеріндегі жетекші ғалымдардың бірі. Оның еңбектерінің басты ерекшелігі – аймақты тар аяда ғана емес, бүкіләлемдік тарихтың кең арнасында қарастыруында. Ол империялық саясат пен отаршылдықтың ықпалын, ислам өркениетінің даму жолдарын және халықтардың өз болашағын іздеуін терең талдап көрсетеді.
Әлемде Орталық Азия мен Қазақстанды арнайы зерттейтін ғалымдар саны жалпы аз екенің зерттеушілер біз жақсы білеміз. Жиырма жыл бұрын Лондон университетінің Шығыс және Африка тану мектебінде магистратурада оқып жүрген кезде бұл аймақ көбіне Орыстану немесе Славянтану саласының бір шағын бөлігі ретінде қарастырылатынын байқауға болатын. Тек соңғы жылдары ғана Орталық Азия дербес зерттеу нысаны ретінде халықаралық ғылыми ортада кеңірек танылып келеді.
Осы тұрғыдан алғанда, профессор Адиб Халидтің еңбегі айрықша құнды. Әрине, өз тарихымызды бізден артық ешкім білмейді. Дегенмен, әлемдік деңгейдегі мұндай зерттеулер қазақ оқырмандары яки біз үшін өткенімізге сыни тұрғыдан қарауды, тарихи оқиғаларды жаһандық контекстте түсінуді үйретеді.
Бұл еңбектің қазақ тіліндегі басылымы көпшіліктің ортақ еңбегінің жемісі. Кітапты оқырманға жеткізген шығармашылық топқа ерекше алғыс айтқым келеді:
- аудармашы Динара Мәзенге,
- редактор Мұхтар Сеңгірбайға,
- корректор Болатбек Мұхтаровқа,
- беттеуші Аспандияр Жұмағалиевке.
Осы мықтылардың кәсіби еңбегі мен адалдығы арқасында әлемдік деңгейдегі ғылыми еңбек қазақ оқырманына өзінің төл тілінде жетіп отыр.
Бұл шараға Алматы қаласында тұратын көптеген тарихшы, әдебиетші, журналист және докторанттар қатысты. Осындай мәртебелі алаң ұсынып, ғылыми пікірталас өткізуге мүмкіндік жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының басшылығындағы әріптестеріме шын жүректен алғыс айтамын.
CAPS Unlock және Steppe & World баспа үйі сияқты шағын ұйымдардың қазақ қоғамы үшін жасап отырған кішентай әрі батыл қадамдары отандық ғылым мен мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосып жатыр. Қыздардың басы біріксе тек жақсылық ойлап, игі іс жасайтын заман.
"Uly dala lodgers": The deputy said that people were forced to spend the night in front of the bank in order to get shelter