Алматы қаласында өткен тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде 85 жастағы Нұрихан апа университетке түсу үшін сынаққа қатысып, көптен бергі арманын орындауға қадам жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, Нұрихан апа жастық шағында жоғары оқу орнына түсе алмаған. Өмірінің көп бөлігін бала тәрбиесіне арнаған ол білім алуға деген ықыласын ешқашан жоғалтпаған. Биыл туған-туыстарының және балаларының қолдауымен ҰБТ-ға тіркеліп, көптен күткен сынақ залына кірді.
Тестілеу күні Нұрихан апаның жанында балалары демеу болып, рухани қолдау көрсетті. Емтихан басталар алдында ол басқа талапкерлерге ақ батасын беріп, «Оқу мен білімге ұмтылу – ешқашан кеш емес» деген жүрекжарды тілегін айтты.
Алайда бұл алғашқы талпыныста компьютермен жұмыс істеу машығының жоқтығы қиындық туғызды. Тестілеу орталығының хабарлауынша, заманауи форматта емтихан тапсыру Нұрихан апа үшін жаңа тәжірибе болғандықтан, сұрақтарды толық орындауға үлгермеген.
Дегенмен, ол бұл жағдайды сәтсіздік деп санамайды. Керісінше, ақпараттық технологияларды үйреніп, келесі жылы ҰБТ-ға қайта қатысуға ниетті екенін жеткізді.
"Менің мақсатым – білім алу, өзімді дамыту. Жасқа қарамай, өмір бойы оқуға болады. Келесі жылы дайындалып келемін", — деді Нұрихан апа.
It was reported that the Deputy Commander-in-Chief of the National Guard was arrested while accepting a bribe