Абай облысында өткен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының мерейтойы кезінде Сенат төрағасы, облыс әкімі, министрлер және басқа да делегаттардың «қауіпсіздік шеңберімен» қоршалып жүргені туралы әлеуметтік желілерде тараған видео қоғам назарын аударды. Бұл жағдайға қатысты Парламент Сенатының баспасөз хатшысы Данияр Рамазанов берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Расымен, мұндай әрекеттің мүлдем орынсыз екеніне ешқандай күмән жоқ. Біз аталған жайтты көрген бойда еріктілерден оны доғарып, басқа, маңызды істермен айналысуын сұрадық. Осылайша, бұл жағдай өте қысқа уақытқа ғана жалғасты. Ал қалған уақытта біз киіз үйлер қалашығында еркін жүріп-тұрдық. Мерекеге келген кез келген адам Сенат Төрағасымен кездесіп, амандасып, пікірлескенін осы видеодан-ақ анық көруге болады. Ұзақ түсіндіріп жатқаннан гөрі, бір рет көрсетіп, мәселені осы жерден жапқан дұрыс деп ойлаймын»,—деді ол.
Баспасөз хатшысы кейбір желі қолданушысының тойды тек осы келеңсіз жайтпен байланыстыруын сынға алды.
«Өкінішке қарай, кейбір желі қолданушысы он күн бойы аталып өткен дүбірлі тойды жалғыз осы келеңсіздікпен байланыстырып, «жерден жеті қоян тапқандай» жарыса жазып жатыр. Ал, біз ойшыл өсиет еткендей, қалпымыз бен санамызды таза ұстасақ, жарқын сәттерге көбірек мән берсек, осы бір ұлағатты істен өнеге алсақ дейміз»,—деп толықтырды Рамазанов.