400 адам мен техника. Сорбұлақта жоғалған тікұшақты іздеу жалғасуда

1813
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kal6stWUlw7tZUQJ7C5lPn3Kch8uZFvbrZG5Kdq2.jpg

Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасы маңында 25 шілдеде жоғалған EC-145 әскери тікұшағын іздеу жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жалғасуда, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Іздеу-құтқару операциясына 400-ге жуық адам, оның ішінде құтқарушылар, әскери қызметкерлер, полиция қызметкерлері, сүңгуірлер және кинологтар жұмылдырылған.

Сондай-ақ 70-тен астам жерүсті техникасы, 21 жүзу құралы, 10 дрон, эхолоттар, су асты сканерлеу құрылғылары мен иттермен жұмыс істейтін топтар жұмыс істеуде.

«Операцияға 400-ге жуық адам, 70-тен астам техника, 21 қайық, 10 ұшқышсыз аппарат, эхолот және су астын сканерлейтін құрылғылар тартылды. Жергілікті жерде операцияны ҚР Қарулы күштері Әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Асқар Ызбасов басқарып отыр. Ол барлық бөлімшелердің жұмысын үйлестіріп отыр», - делінген Қорғаныс министрлігінің ресми хабарламасында.

Мамандар тек су айдынын ғана емес, жағалаудағы терең әрі қиын жететін аумақтарды да тексеріп жатыр. Министрлік мәліметінше, жоғалған экипаж мүшелерінің туыстарымен байланыс үздіксіз жүргізілуде.

Іздеу жұмыстарына қиын табиғи және техногендік жағдайлар кедергі болып жатқаны айтылды. Су қоймасының түбі лайға толы болғандықтан көрінбеуде. Кей жерлердегі тереңдік 22 метрге дейін жетеді.

Қорғаныс министрлігі операция тікұшақ бортындағы барлық адам табылғанша жалғасатынын мәлімдеді.

Еске салайық, Алматы облысында EC-145 әскери тікұшағы жоғалып кетті. Бортта үш экипаж мүшесі болған. Экипажы мүшелерінің туыстары президенттен, төтенше жағдай және қорғаныс министрлерінен іздеу операциясын жеке бақылауларына алуды сұрағаны туралы жазған едік. 

Comments