Ұлттық банк төрағасы теңгенің не себепті әлсіреп жатқанын айтты

3187
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4Jlm7lAkXc3ZgyPM2PzVlttdjna8SiNeEvm3hXZL.jpg

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамының не себепті құбылатынын айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол еліміздің 2015 жылдан бастап инфляциялық таргеттеу және еркін өзгермелі айырбас бағамы режиміне өткенін мәлімдеді.

«Бұл икемді, заманауи және тұрақты экономикалық модельге қарай жасалған түбегейлі маңызды қадам болды. Қазір теңге бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың әсерінен қалыптасуда. Сондай-ақ ол экономикадағы нарықтық процестердің, ішкі және сыртқы факторлардың көрінісі болып отыр. Бұрын мемлекет бағамды әкімшілік жолмен белгілеуі теңгенің күрт әрі бір сәттік девальвациясына алып келетін»,—деді төраға.

Сүлейменовтің айтуынша, қазір экономикаға құйылып жатқан фискалдық қаражат көлемі ұлғайған. Ақша массасы бір жыл ішінде 18%-ға өскен. Алайда ішкі өндіріс бұл өсімге ілесе алмай отыр.

«Егер экономикаға салынатын ақша көлемі ішкі өндіріске қарағанда тез өссе, бұл импорттың артуына әкеліп соғады. Биыл айтарлықтай шығыстар, соның ішінде инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға ақшалар қарастырылған. Нәтижесінде ірі келісімшарттар жасалып, қаражатты игеру үшін импорттық жабдықтар, техника, компоненттер сатып алынады. Бұл шетел валютасына деген жоғары сұранысты қалыптастырып, теңге бағамына қысым жасайды»,—деп түсіндірді ол.

Төрағаның айтуынша, уақыт өте келе отандық тауар өндірісі ақша массасының көлеміне сәйкес деңгейге жетеді, бірақ ол үшін, әрине, уақыт қажет.

«Қазіргі жағдайда экономиканың импортқа жүгінуіне тура келіп отыр»,–деді Сүлейменов.

Ол сондай-ақ реттеуші орган нарықтағы жағдайды мұқият бақылап отырғанын және бағамның күрт құбылуы мен алыпсатарлық әрекеттер болған жағдайда шұғыл әрекет етуге дайын екенін атап өтті.

Айта кетейік, 26 шілдеде ақша айырбастау орындарында доллар 550 теңгеге жақындады

 

Comments