Екатеринбург-Алматы трассасында жол апаты болып, төрт адам қаза тапты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 16 шілде күні болған.
«Chery және Nissan Patrol маркалы көліктер соқтығысқан. Жол апаты салдарынан үш адам оқиға орнында қаза тапты, тағы төртеуі әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді»,—делінген хабарламада.
Кейін Chery Tiggo жүргізушісінің алған жарақаттарынан Астана қалалық ауруханасында көз жұмғаны анықталды.
Қазір бұл фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесіне қарай процессуалдық шешім қабылданады.
Полиция департаменті мұндай апаттардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушылардың, әсіресе, көлік көп жүретін жерлерде жылдамдық сақтау, көліктің техникалық жағдайын қадағалау маңызды екенін еске салады.