Саида Мирзиёеваның құзіреті артты

1776
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/xtuMZiwMBdwpZ369yf18AwplOWFt29gc4CBDeBTt.jpg

16 шілдеде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің жарлығы күшіне еніп, оның үлкен қызы Саида Мирзиёеваға – Президент Әкімшілігінің жаңадан тағайындалған басшысына бірқатар жаңа өкілеттіктер берілді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жарлыққа сәйкес, Саида Мирзиёева жергілікті және шетелдік сарапшыларды даму жобаларына тікелей келісімшарт негізінде жұмысқа тарта алады және олардың жалақысын ұлттық не шетел валютасында белгілеу құқығына ие. Бұл мамандардың еңбекақысы Президент Әкімшілігінің қызметін қолдау қорынан төленеді.

Сонымен қатар, оның құзыретіне:

Әкімшілік қызметкерлерінің штат кестесін бекіту;

Президент кеңесшілері мен құрылымдық бөлімше басшыларының орынбасарларын тағайындау және босату;

Бұған дейін президент бекіткен кейбір лауазымды тұлғаларды тағайындау немесе қызметтен босату енеді.

Бұдан бөлек, Саида Мирзиёева екі апта ішінде Президент Әкімшілігінің басқарушы құрамын аттестациядан өткізіп, олардың жұмысын бағалауы керек. Сондай-ақ ол жоғары әлеуеті бар кадрларды іріктеуді қолға алады.

Ал мемлекет басшысының кеңесшілері мен құрылымдық бөлімше жетекшілері он күн ішінде өз бағыттары бойынша даму жобаларының тізімін жасап, Саида Мирзиёеваның бекітуіне ұсынуы тиіс. Коммуникациялар департаменті бір ай ішінде Мемлекеттік коммуникациялық стратегия әзірлеуі қажет.

Еске сала кетсек, 2023 жылы бұл лауазым жойылған болатын. Алайда 2025 жылдың маусым айында Саида Мирзиёева Президент Әкімшілігінің басшысы болып қайта тағайындалды. Ол бұған дейін әкесінің көмекшісі қызметін атқарған.

Comments