Қазақстанда көше бойындағы валюта бағамдарын орнатуға тыйым салынды

1529
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tNSWfTRgQXubSfcjTJkvuWwSxqT4pAWCliq76lp5.jpg

Фото: digital business

1 қыркүйектен бастап Қазақстандағы айырбастау бекеттері валюта бағамдары көрсетілген электрондық таблоны алып тастауға міндетті болады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов валюта бағамының таблосын ғимарат ішіне кіргізбеген айырбастау бекеттеріне қандай шара қолданылатынын айтты, деп хабарлайды “Адырна”.

Ұлттық банк басшысы бұл талапқа бағынбаған кәсіпкерлерге қандай шара қолданылатынын айтты.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, егер айырбастау орындары бұл талапты орындамаса, оларға айыппұл салынады. Бұл үшін жауапкершілік еліміздің Әкімшілік кодексінде қарастырылған. Айыппұл мөлшері 3-тен 5 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни шамамен 12 мыңнан 19 мың теңгені құрауы ықтимал.

Сүлейменов атап өткендей, бұл мәселені Ұлттық банктің өңірлік филиалдары бақылап отырады.

Бұл өзгеріс валюта нарығындағы ашық емес жарнама мен адамдарды жаңылыстырудың алдын алу үшін жасалып отыр. Ұлттық банк айырбастау пунктерінің сыртқы ақпараттық құралдар арқылы клиенттерді «арзан бағамен» тарту әрекетін шектеуге ниетті.

Валюта курсы жазылған таблоны алып тастау мәселесі сәуір айында көтерілді. Сол кезде Ұлттық банк арнайы қаулы жобасын жариялаған. Ал ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов «курс жазылған табло – тоқсаныншы жылдардан қалған анахронизм» деп мәлімдеген.

Айырбастау пункттері қауымдастығы бұл жаңалыққа қарсы шықты. Олар курс жазылған табло әлеуметтік маңызы бар ақпарат ретінде ашық ілінуі керек, қауіпсіздікке еш әсері жоқ деп есептейді. 

Comments