Ресей «Ауғанстан Ислам әмірлігін» мойындаған алғашқы ел атанды

1203
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2R3Zbdyfi9iCW56IKIsURQvQKMjY8mANDFnGfIJO.jpg

Ресей Ауғанстандағы радикалды «Талибан» қозғалысының үкіметін ресми түрде мойындады. Бұл туралы 3 шілде күні ТАСС агенттігі Ресей Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Осылайша, Мәскеу 2021 жылы тәліптер орнатқан режимді мойындаған әлемдегі алғашқы ел болды.

Ресей СІМ мәліметінше, Ауғанстанның жаңа елшісінің сенім грамоталары қабылданды. Ресей тарапы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға үміт білдірді.

Мәскеудегі Ауғанстан елшілігінің ғимаратына алғаш рет тәліптер орнатқан ту көтерілді.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, «Ауғанстан Ислам әмірлігін» мойындау туралы шешімді президент Владимир Путин Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың ұсынысы бойынша қабылдады.

2024 жылдың сәуір айында Ресейдің Жоғарғы соты 2003 жылдан бері күшінде болған «Талибан» қозғалысының қызметіне тыйымды тоқтатты. Ал 2024 жылдың желтоқсанында президент алғаш рет тыйым салынған ұйымдарды арнайы тізімнен алып тастауға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Бұған дейін Ресей заңнамасында мұндай механизм болмаған.

2024 жылдың мамыр айында «Талибан» қозғалысын террористік ұйымдар тізімінен шығару туралы ұсынысты Ресейдің Сыртқы істер министрлігі мен Әділет министрлігі енгізген болатын.

«Талибан» қозғалысы 2021 жылдың тамызында АҚШ әскерлері Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін билікті басып алды. Қозғалыс бірқатар елдердің санкциялық тізіміне енгеніне қарамастан, оның өкілдері Ресейге жиі келеді. Путин бұған дейін «Талибанды» терроризмге қарсы күресте Мәскеудің одақтасы деп атаған.

Comments