АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Линн Трейси 2023 жылғы қаңтардан бастап атқарған қызметін аяқтап, Мәскеуден кетеді. Бұл туралы 27 маусым күні АҚШ-тың Ресейдегі елшілігі өзінің Telegram-арнасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.
Хабарламада Трейсидің еңбегі "бірізді дипломатияға, орыс мәдениетіне деген терең құрметке және америкалық халыққа адал қызмет етуге" негізделгені айтылған. Оның жұмысына "ашықтық, адалдық және ең қиын сәттерде де мағыналы диалогтың маңызды екеніне сенімділік" тән болғаны атап өтілген.
"Осындай күрделі кезеңде өз елімді Мәскеуде таныстырғаныма мақтанамын. Ресейден кетіп бара жатып, мен елшіліктегі әріптестерімнің біздің қарым-қатынастарымызды жақсартуға және ресейлік халықпен байланысты сақтауға күш салатынына сенімдімін. Өз елін сүйетін және күн сайын жақсы болашақ үшін еңбек ететін ресейліктермен кездесулер мені шабыттандырды", – деп жазды Трейси.
Сондай-ақ, ол Александр Пушкиннің "Чаадаевке" атты өлеңінен үзінді келтірді.
"Пока свободою горим,
Пока сердца для чести живы,
Мой друг, отчизне посвятим
Души прекрасные порывы!"
(Қазақша мағынасы:
«Бостандық отына күйгенде,
Арға адал боп жүргенде,
Досым, Отанға арнайық
Жанның асыл сезімін!»)
Айта кетсек, Линн Трейси – Ресейдегі алғашқы әйел-елші. 30 жылдан астам тәжірибесі бар дипломат 2023 жылғы қаңтарда Мәскеудегі елшілікке жетекшілік ете бастады. Ол бұл қызметке Джон Салливанның орнына келді. Бұған дейін Трейси АҚШ-тың Армениядағы елшісі, ал 2014–2017 жылдары Мәскеудегі елшілік миссиясының басшысының орынбасары болды. 2017–2018 жылдары ол АҚШ Мемлекеттік департаментінің Еуропа және Еуразия істері бюросында Ресей мәселелері бойынша аға кеңесші қызметін атқарды.
2024 жылғы 29 қазанда, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде, Трейси Мәскеудегі Соловецкий тасына гүл шоқтарын қойған шетелдік дипломаттардың қатарында болды. Ал 16 ақпанда, оппозиционер Алексей Навальныйдың қайтыс болғанына бір жыл толған күні, ол Мәскеудегі Борисов зиратында орналасқан оның қабіріне гүл қою рәсіміне қатысқан.
Трейсидің айтуынша, дипломатиялық миссиясын аяқтағаннан кейін ол дипломатиялық қызметтен кетіп, отбасымен көбірек уақыт өткізуді жоспарлап отыр.
АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Ресейге жаңа елші ретінде АҚШ-тың Ливия бойынша арнайы өкілі Ричард Норландты ұсынды. Бұл туралы "Коммерсантъ" газеті хабарлады. Басылымның дерегінше, бұл шешім Байден әкімшілігі тұсында қабылданып, Дональд Трамптың командасы бұл кандидатураны кері қайтармаған.
Ричард Норланд — 40 жылдан астам дипломатиялық тәжірибесі бар тұлға. 1980-жылдары ол АҚШ-тың КСРО-дағы елшілігінде де қызмет еткен.