Өз ақшасын сұрағаны үшін. Атырауда ер адамды отбасының көзінше ұрып тастаған

984
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/L0LUETtnZ82CCsWgG1tvEVeVVtTJYnFpb3BG0TCe.jpg

Атырауда бұрынғы танысы қарызын сұрауға барған азаматты бала-шағасының көзінше аяусыз ұрып-соққан, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, жәбірленушінің жұбайы Анаргүл Муғзарова жолдасы Руслан Жолмағанбетовтің өмір мен өлім арасында жатқанын айтып, аурухана алдында көз жасына ерік берді. Оның айтуынша, күйеуінің бұрынғы әріптесі досын соққыға жыққан. Ол бірнеше ай бойы 30 мың теңге қарызын қайтармай жүрген.

«Аяусыз ұрып тастады, бала-шағасының көзінше. Қатты күйзеліп, балаларымды машинаға отырғыза алмай қалдым. Үлкен қызым мен кіші ұлым шошып қалды. Әкелерін сол жерде тастап кетті», – деді жәбірленушінің әйелі.

Науқасқа шұғыл түрде ота жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы өте ауыр.

«Науқас ауыр жағдайда жеткізілді. Өңеш жарақаты, медиастинит диагнозы қойылды. Ота жасалды, қазір аппарат арқылы демалып жатыр», – дейді Атырау облыстық ауруханасының анестезиолог-реаниматологы.

Жәбірленушінің туыстары қатыгездік танытқан күдіктінің әлі қамауға алынбағанына наразы. Олар тіпті кешірім де сұрамағанын айтып отыр.

Полиция өкілдерінің мәлімдеуінше, 85 жылы туған азаматқа қатысты қылмыстық іс тіркелген, тергеу жүріп жатыр.

Comments