Бір апта бойы Әзербайжан шекарасында тұрып қалған қазақстандық жүк тасымалдаушы Нұржан Жанаевтың мәселесі оң шешімін тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ол елге және БАҚ өкілдеріне алғысын білдірді.
Нұржан Жанаев Қытайдан құжат рәсімдеп, 8 көлік тиеп Әзербайжанға бет алған болатын. Алайда шекарада әзербайжандық кеденшілер оның құжаттарының толық емес екенін айтып, төлқұжат пен техникалық құжаттарын алғаны хабарланған.
Құжаттарының электронды нұсқасын көрсеткенімен, ресейлік кеденнің мөрі жоқ деген себеппен оны ары қарай өткізбеді. Бұл жағдай оны 5 мың шақырым жүріп, діттеген жеріне 200 шақырым қалғанда жолда қалдырды.
Журналистер оқиғаның мән-жайын анықтап, Әзербайжандағы Қазақстан елшілігі мен сыртқы істер министрлігіне сұрау салды. Жанаевтың айтуынша, арнайы комиссия келген.
«Еліме рақмет! Қазақстан журналистеріне рақмет! Сіздер атсалысып, мәселемді бей-жай қалдырмай, көмектестіңіздер. Комиссия келіп, құжаттарымызды көріп, мөр де қажет болмай қалды. Сіздердің арқаларыңызда бәріміздің жолымыз ашылды», – деді Нұржан Жанаев.