Темірбек Қожакеев – сөз бен ардың темірқазығы

287
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/6yO1tjhWSjbQFQzv3dLrvd85KaILpI6uGiwW8AtX.jpg

(Қазақ баспасөзінің абызы, сатиратанушы-ғалым Темірбек Қожакеевтің туғанына 100 жыл толуына орай толғаныс)

«Сатира – күштілер қаруы. Ал шындық пен әділет жолында қалам тербеген журналист – қоғамның ояу ар-ожданы».
Темірбек Қожакеев

Дәуір жүгін арқалаған темірқазық тұлға

Уақыт керуені алға озған сайын ұлт руханиятының іргетасын қалаған алыптардың тұлғасы биіктей түседі. Биыл, Тәуелсіздігіміздің отыз бес жылдық мерейлі белесінде, қазақ баспасөзі мен журналистика ғылымының темірқазығына айналған көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Темірбек Қожакеевтің туғанына 100 жыл толып отыр. Бұл   – тұтас бір ғылыми мектептің, ұлттық сөз өнеріндегі азаматтық ұстаным мен кәсіби тазалықтың ғасырлық мерейтойы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында жарты ғасырға жуық табан аудармай еңбек етіп, мыңдаған шәкірттің жүрегіне шындық шырағын жаққан ұстаздың өмір жолы – қайсарлық пен тектіліктің, ғылыми адалдық пен отансүйгіштіктің өшпес шежіресі.

«Атыңа затың сай болсын» дейді дана халқымыз. 1926 жылдың 17 желтоқсанында Жамбыл облысы, Меркі ауданының Ойтал ауылында дүниеге келген Темірбек Қожакеевтің болмысы шын мәнінде темірдей төзімді, болаттай берік еді. Ол өмір сүрген ХХ ғасыр – қазақ халқы үшін аштық пен қуғын-сүргіннің, соғыс өрті мен идеологиялық қыспақтың небір ауыр сындарын ала келген күрделі кезең болды. Балалық шағы сұрапыл жылдармен тұспа-тұс келсе де, болашақ ғалым тағдырдың теперішіне мойымай, білімге деген құштарлығын жоғалтпады. 1953 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік тәмамдаған жас маман өзінің бүкіл саналы ғұмырын осы қара шаңыраққа – қазақ журналистикасының ғылыми-теориялық негізін қалыптастыруға және білікті кадрлар даярлауға арнады.

Бүгінгі ақпараттық тасқын мен жалған деректер белең алған алмағайып дәуірде Темірбек Қожакеевтің ғылыми мұрасы мен публицистикалық мектебіне қайта үңілу – уақыт талабы. Себебі Әділетті Қазақстан құру жолындағы қоғамдық сананың жаңғыруы ең алдымен сөз құдіретіне, баспасөздің жауапкершілігіне және тарихи әділеттіліктің қалпына келуіне тікелей байланысты. Ал профессор Қожакеев осы үш құндылықты өз ғұмырының басты кредосы етіп ұстанған сирек тұлғалардың бірі болды.

Темірбек Қожакеевтің ғылымдағы ең ірі, теңдессіз ерлігі – қазақ әдебиеті мен журналистика ғылымында бұрын-соңды жүйелі түрде зерттелмеген күрделі саласы қазақ сатирасының тарихы мен теориясын ғылыми айналымға енгізуі болды. Кеңестік дәуірдің қатаң цензурасы жағдайында билік пен қоғамдағы келеңсіздіктерді әшкерелейтін сатира жанрын зерттеудің өзі үлкен жүректілікті қажет ететін. 1961 жылы «Қазақ совет фельетоны» тақырыбында кандидаттық, ал 1970 жылы қазақ сатирасының тарихы мен теориясы бойынша докторлық диссертациясын сәтті қорғаған ғалым ұлттық күлкі өнерінің ғылыми іргетасын қалады.

Ғалымның қаламынан туған «Қазақ сатирасы» (1970), «Сатира және дәуір» (1976), «Адам. Қоғам. Сатира» (1980), «Сатиралық жанрлар» (1983), «Сатира – күштілер қаруы» (1985), «Сатира негіздері» (1996) сынды іргелі монографиялары мен оқулықтары – тек студенттер мен зерттеушілердің ғана емес, күллі қазақ руханиятының алтын қорына қосылған баға жетпес қазына. Бұл еңбектерде автор сатираны жай ғана көңіл көтеру құралы немесе жеңіл әжуа ретінде емес, қоғамдық дертті емдейтін ащы дәрі, әділетсіздікке қарсы бағытталған қуатты әлеуметтік-саяси қару ретінде қарастырды.

«Сатира – өмірдің көлеңкелі тұстарын, адам бойындағы мін мен қоғамдағы кеселді сылып тастайтын хирургтың қандауыры іспетті. Ол әлсіздердің ермегі емес, шындықты бетке айта алатын рухы мықты, жүрегі таза күрескерлердің қаруы», – дейді профессор Темірбек Қожакеев. 





Профессор Қожакеев қазақ сатирасының түп-тамырын сонау халық ауыз әдебиетінен, Алдар көсе мен Қожанасыр әңгімелерінен, жыраулар поэзиясындағы өткір сыннан тарқата отырып, Абай Құнанбайұлының уытты сатирасына дейін терең қаузады. Оның «Абай – сатирик» атты зерттеуі хакім Абайдың ақындық қуатын жаңа қырынан ашып, ұлы ойшылдың қоғамдағы надандық пен екіжүзділікті шенеу шеберлігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берді. Сонымен қатар ғалым фельетон, памфлет, эпиграмма, мысал, пародия сияқты сатиралық жанрлардың табиғатын, тілдік-стильдік ерекшеліктерін жіліктеп түсіндіріп, жас публицистерге кәсіби бағыт-бағдар берді. Бүгінгі таңда отандық медиада аналитикалық және сыни журналистиканың рөлі артып отырған шақта, Қожакеевтің жанрлық талдаулары өзектілігін еш жоғалтқан емес.

Сонымен бірге ғалым ХХ ғасырдағы қазақ сатирасының ірі өкілдері – Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Асқар Тоқмағамбетов, Жүсіпбек Алтайбаев, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров, Садықбек Адамбеков сынды қаламгерлердің шығармашылық зертханасын жан-жақты саралады. Ол сатиралық туындылардағы гипербола, гротеск, ирония, сарказм, аллегория тәсілдерінің қолданылу заңдылықтарын ашып, қазақ публицистикасындағы көркемдік-бейнелеу құралдарының теориялық картасын жасап шықты.

Темірбек Қожакеевтің ғылыми-публицистикалық қызметінің тағы бір биік шыңы – ұлттық баспасөз тарихын зерттеуі және Алаш арыстарының мұрасын қайта тірілтуі. 1980-жылдардың соңы мен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, ресми тарихнамада әлі де жабық тақырыптар көп болған кезеңде, профессор Қожакеев архив шаңын жұтып, ұлтымыздың рухани көсемдерінің есімдерін халыққа қайтару жолында жанқиярлықпен еңбек етті.

Оның 1990-жылдардың басында бірінен соң бірі жарық көрген «Жыл құстары» (1991), «Көк сеңгірлер» (1992) және «Сара сөздің сардарлары» (1995) атты еңбектері қазақ журналистикасы тарихындағы нағыз ғылыми төңкеріс болды. Бұл кітаптарда ғалым ХХ ғасыр басындағы «Қазақ», «Айқап», «Серке», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жас азамат» басылымдарының тарихын терең зерттеп, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Сералин, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Қошке Кемеңгерұлы, Нәзір Төреқұлов сынды Алаш қайраткерлерінің көсемсөздік шеберлігін алғашқылардың бірі болып ғылыми тұрғыдан саралады.

Қожакеев Алаш зиялыларының публицистикасын тек әдеби-тарихи ескерткіш ретінде емес, ұлттық мемлекеттілік идеясының жаршысы ретінде бағалады. Ол Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген қанатты қағидасын заманауи журналистиканың басты формуласы ретінде дәріптеді. Ғалымның бұл зерттеулері арқылы қазақ баспасөзінің тарихы кеңестік дәуірден басталады деген жалған идеологиялық тұжырым түбірімен күйреп, ұлттық журналистикамыздың тамыры тереңде жатқаны бұлтартпас деректермен дәлелденді. Бұл – нағыз ғалымдық ерлік пен азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі еді.

Қазақ журналистикасының тарихында «Қожакеевтің мектебінен өткен» деген сөз кәсіби сапаның ең жоғары өлшеміне айналған. Темірбек Қожакеев ҚазМУ-дың журналистика факультетінде ұзақ жылдар бойы кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін абыроймен атқарды. Ол басқарған жылдары журналистика факультеті республикадағы ең беделді, шығармашылық рухы биік, тәртібі темірдей мығым білім ордасына айналды.

Ұстаздың шәкірттері естеліктерінде оның сырттай қатал, талапшыл көрінгенімен, ішкі жан дүниесі аса мейірімді, әділетті әрі әрбір дарынды жасқа қамқор болғанын ерекше тебіреніспен еске алады. Ол студенттердің сабаққа кешігуін, жауапсыздығын, тіл шұбарлауын ешқашан кешірмейтін. Бірақ сол қатал декан ауылдан келген, қалтасында көк тиыны жоқ, бірақ көзінде оты бар талай талантты жасты өз қамқорлығына алған. Біреуінің жатақханадағы мәселесін шешіп, екіншісінің шәкіртақысын сақтап қалып, үшіншісінің тырнақалды мақаласын газетке өзі апарып бастырған. Ол студенттерге: «Журналист болу – қолға қалам алып, әкім-қараның мақтауын асыру емес. Халықтың мұңын айта алмасаң, бұл мамандыққа жолама!» – деп шегелеп отыратын. 

          Бұл ойымызды ұстаз тағылымын көрген шәкірттерінің жүрекжарды естеліктері де айқын дәлелдей түседі. Мәселен, көрнекті сатирик Ғаббас Қабышұлы Темірбек Қожакеевтің шәкірт еңбегін бағалаудағы парасаттылығы мен азаматтық ұстанымын былайша суреттейді: «Темкеңнің мыңдаған шәкірт дәріс тыңдады, тәрбие көрді. Көпшілігі оның білімдарлығына, турашылдығына, табандылығына тәнті болды деп ойлаймын... Қатаң талапшыл, қағытпа сөзге бейім, қатқылдау мінезді Темкең бірсөзді шәкірттерін, олардың арасынан Үмбекенді, Үмбетбай Уайдинді, ерекше жақсы көретін, азаматтық адалдығын, әділдігін, іскерлігін бағалайтын». 

Сондай-ақ Ғаббас ағамыз 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін ұстазына жазықсыз жала жабылып, қызметтен қуылған тұста, Қожакеевті жақтап жазған мақаласын кезінде өзі тәрбиелеген кейбір редакторлар басуға жүрексінгенде, Темкеңнің салқын ғана жымиып: «Өзің атаған анау редакторлар... қайтсін, жандары тәтті ғой, соларға ренжімей-ақ қояйық», – деп кеңдік танытқанын тебірене баяндайды. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Клара Қабылғазина: «Ұлағатты ұстаз өзі қандай еңбекқор, қажымайтын, талмайтын адам болса ұжымынан да соны талап ететін еді. Бірақ жұмысына адал, қызметіне ұқыпты жандарды жақсы көретін, сыйлайтын... Ұстазымыз Темірбек аға «Мен Сталиндік кадрмын, ол заман бізді темірдей тәртіпке үйреткен», - дейтін еді. Ал, біздер «Қожакеевтік кадрлар» екенімізді мақтан тұтамыз. Артындағы шәкірттеріне ұлағатымен із қалдырған ұстаз – Ұлы болмақ», – деп ұстаздан алған  тағылымын түйіндейді.

Профессор Қожакеевтің ұстаханасынан түлеп ұшқан шәкірттер бүгінде еліміздің ақпарат кеңістігін, әдебиеті мен ғылымын, мемлекеттік басқару саласын өрге сүйреп жүрген танымал тұлғалар. Олардың қатарында Қазақстанның белгілі жазушылары, публицистері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым докторлары мен профессорлары бар. Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінде ұстаз атындағы дәрісхана мен №230 мәжіліс залының ашылуы, ғалым мұрасына арналған халықаралық конференциялардың өтуі – ұстаз еңбегінің өшпегені мен ұрпақтар сабақтастығының үзілмегенінің айғағы.

Біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасырдың екінші ширегі – жасанды интеллект, әлеуметтік желілер, мультимедиалық платформалар мен жедел ақпарат алмасу дәуірі. Қазіргі таңда кез келген смартфон ұстаған адам өзін ақпарат таратушы санайтын «азаматтық журналистика» мен блогерлік белсенділік күшейді. Алайда технологиялық мүмкіндіктер артқан сайын, сөздің салмағы, деректің растығы, кәсіби этика мен ана тілінің тазалығы секілді іргелі құндылықтарға қауіп төніп тұрғаны жасырын емес. Хайп қуу, жалған ақпарат (фейк) тарату, сарыжағал басылымдарға тән арзан сенсацияға әуестену – бүгінгі медиа кеңістіктің басты дертіне айналды.

Міне, осындай сәтте Темірбек Қожакеевтің ұстанымдары бізге рухани бағдаршам іспетті қызмет етеді. Егер бүгін профессор Қожакеев ортамызда болса, заманауи медиадағы басты мәселелерге қандай баға берер еді? Ғалымның еңбектері мен өмірлік қағидаларына сүйене отырып, қазіргі жас журналистерге арналған негізгі кәсіби өсиеттерді былайша тұжырымдауға болады:

Біріншіден, Қожакеев әрбір мақала мен фельетонның артында бұлтартпас дерек, тексерілген факт тұруын талап етті. Бүгінгі постшындық (post-truth) дәуірінде журналистің басты капиталы – сенімділік пен фактчекинг мәдениеті. Екіншіден, ана тілінің тазалығы маңызды. Ғалым баспасөз тілін халықтың сөйлеу мәдениетінің үлгісі деп санады. Калька аудармалар мен шұбарланған сөз тіркестері көбейген қазіргі таңда Қожакеевтің шұрайлы, бейнелі, қазақы табиғаты таза публицистикалық тілін меңгеру – әрбір қаламгердің парызы. Үшіншіден, журналистика – билік пен халық арасындағы алтын көпір. Қоғамдағы жемқорлық, әділетсіздік, рухани тоқырау секілді кеселдерге қарсы күресте журналист бейтарап бақылаушы емес, әділеттің жақтаушысы болуы тиіс. Төртіншіден, жаңа медиа форматтары (подкаст, деректі фильм, лонгрид, мультимедиалық сторителлинг) қанша өзгерсе де, олардың өзегінде терең ой, драматургиялық құрылым және публицистикалық пафос жатуы шарт.

Темірбек Қожакеевтің ғұмыры – ғылымға деген шексіз махаббаттың, ұлттық мүддеге деген адалдықтың және ұстаздық ұлылықтың жарқын үлгісі. Ол өзінің артына жүздеген ғылыми мақалалар, отызға жуық іргелі монографиялар мен оқу құралдарын, ең бастысы – ұлттық журналистиканың туын биік ұстаған тұтас бір буынды қалдырды. Оның есімі қазақ баспасөзінің тарихында Мұхамеджан Сералин, Смағұл Сәдуақасов, Тауман Амандосов, Зейнолла Қабдолов сынды руханият алыптарымен қатар аталады.

Тәуелсіздіктің 35 жылдығы мен ғалымның 100 жылдық мерейтойы тоғысқан осы тарихи белесте біз Темірбек Қожакеевтің мұрасын тек еске алып қана қоймай, оны бүгінгі рухани жаңғырудың, Әділетті Қазақстанның ақпараттық мәдениетін қалыптастырудың берік тұғырына айналдыруымыз қажет. Себебі уақыт өткен сайын билік ауысады, технология жаңарады, формалар өзгереді, ал ар-ождан, отанға деген махаббат және сөз киесі мәңгілік жасайды. Темірбек Қожакеев жаққан ғылым мен шындықтың шырағы болашақ журналистердің жолын нұрландырып, қазақ сөз өнерінің аспанында темірқазық жұлдыздай жарқырай бермек.

Пайдаланылған дереккөздер мен әдебиеттер тізімі:

1. Қожакеев Т. Қазақ сатирасы: Зерттеу. – Алматы: Қазақстан, 1970. – 296 б.

2. Қожакеев Т. Сатира және дәуір. – Алматы: Жазушы, 1976. – 240 б.

3. Қожакеев Т. Адам. Қоғам. Сатира. – Алматы: Жалын, 1980. – 216 б.

4. Қожакеев Т. Сатиралық жанрлар: Оқу құралы. – Алматы: Мектеп, 1983. – 184 б.

5. Қожакеев Т. Сатира – күштілер қаруы. – Алматы: Қазақстан, 1985. – 208 б.

6. Қожакеев Т. Жыл құстары: Зерттеулер, мақалалар. – Алматы: Қазақстан, 1991. – 256 б.

7. Қожакеев Т. Көк сеңгірлер: Қазақ баспасөзінің тарихынан. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 280 б.

8. Қожакеев Т. Сара сөздің сардарлары: Көмекші оқу құралы. – Алматы: Санат, 1995. – 168 б.

9. Қожакеев Т. Сатира негіздері: Оқулық. – Алматы: Санат, 1996. – 464 б.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Көрнекті ғалым, профессор Темірбек Қожакеевтің 100 жылдық мерейтойына арналған
ғылыми және шығармашылық жұмыстар байқауы
Орындаған: Мейірқұл Күнсұлу, 4-курс студенті
Ғылыми жетекші: Майкотова Ғалия

 

评论
其他材料