Шымкентте бітіруші сынып оқушыларымен кәсіби бағдар бойынша кездесу өтті

204
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/CTNtZZouZZeWUAVw36uzFaMiTyA9flgGRDOyQc2B.jpg

Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» сарайында мектеп бітіруші түлектерге арналған «БІЛІМ. БАҒДАР. БОЛАШАҚ» атты ақпараттық-мотивациялық кездесу өтті.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің ұйымдастыруымен өткен шараға 2 150 оқушы қатысты. Оның 500-і – «Алтын белгі» иегері мен «Үздік» аттестатқа үміткер түлектер. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған кездесудің негізгі мақсаты – жас түлектерге мамандық таңдауда бағыт-бағдар беріп, жоғары білім алу мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру. Кездесу аясында университеттің түрлі білім беру бағдарламалары мен мамандықтары ұсынылған көрме ұйымдастырылып, оқушылар оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты.

Одан кейін кездесудің ресми бөліміне кезек берілді. Салтанатты жиынды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашып, бітіруші сынып оқушыларына алдағы сынақтарда сәттілік тілеп, болашақтарына сенім білдірді.

– Мамандық таңдауда қателеспеу керек. Кез келген мамандықты таңдай салмай, адамның өз қызығушылығы мен қабілетіне қарай шешім қабылдағаны дұрыс. Өйткені ең бастысы – грантқа түсу емес, таңдаған мамандығы бойынша сапалы білім алып, ертең білікті маман ретінде елге қызмет ету, қоғамның дамуына өз үлесін қосу, – деді ол.

Кездесу барысында «Auezov Quiz» зияткерлік сайысының қорытындысы жарияланып, үздік командаларға ақшалай сертификаттар табысталды. Бірінші орынды иеленген Т. Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының «Фараби» командасы 500 мың теңгенің сертификатымен марапатталды. Екінші орынға жайғасқан Н. Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясының «Сана» командасына 300 мың теңге, ал үшінші орын алған Қ. Сыпатаев атындағы №7 IT мектеп-лицейінің «Алау» және А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының «Oxygen» командаларына 100 мың теңгеден сертификат берілді.

Жиында түлектерді толғандырған негізгі мәселелердің бірі – мемлекеттік білім гранттарын иелену және сұранысқа ие мамандықтарды дұрыс таңдау болды. Осы бағытта ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев жоғары білім беру жүйесіндегі жаңалықтар мен Ұлттық бірыңғай тестілеудің алдағы өзгерістері туралы баяндады. Оның айтуынша, елімізде жыл сайын бакалавриат бағыты бойынша 70 мыңнан астам мемлекеттік білім гранты бөлінеді. Оның 60 пайызынан астамы инженерлік-техникалық бағыттарға тиесілі. Былтыр педагогикалық мамандықтарға шамамен 15 мың, ал ақпараттық технологиялар саласына 11 мыңға жуық грант бөлінген.

Спикер талапкерлер арасында халықаралық қатынастар, құқық, медицина және педагогика бағыттарына сұраныстың жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар мамандықты тек грантқа түсу мүмкіндігіне қарап таңдаудың дұрыс еместігін жеткізді.

– Көп жағдайда оқушылар грантты ғана ойлайды. Бастысы – грантқа түссем дейді. Ал кейін сол мамандықты оқи ала ма, жоқ па деген мәселе екінші орынға қалып жатады. Сондықтан талапкерлер ең алдымен өз қызығушылығы мен қабілетіне сай мамандық таңдауы керек. Тағы бір айта кететін жаңалық 2027 жылы тестілеудің қазіргі форматы өзгеріссіз қалады. Ал жаңа формат 2027 жылы пилоттық жоба ретінде енгізіліп, жоспар бойынша 2029 жылы жалпыұлттық деңгейде қолданысқа енгізілуі мүмкін, –деді Р.Емелбаев.

Ал Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің ректоры Мұхтар Төлеген жиынның түлектер үшін маңыздылығына тоқталып, оқу орнының мүмкіндіктері мен жаңалықтарын таныстырды. Оның сөзінше, биыл Шымкент қаласында 17 645 оқушы мектеп бітіреді. Университет талапкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, білімді жастарды ынталандыруды көздейді.

– Біздің университетте білім беру бағыттары өте кең. Мұнда гуманитарлық ғылымдардан бастап, әдебиет пен мәдениет, химия, технология, құқық, инженерия және басқа да көптеген сала бойынша білім алуға мүмкіндік бар. Яғни, талапкерлер өз қызығушылығы мен таңдаған бағытына сәйкес мамандық таба алады. Сонымен қатар биылғы жылдың басты жаңалықтарының бірі – университет тарапынан талапкерлерге арнап 300 білім грантын бөлу жоспарланып отыр. Бұл – жоғары білім алуға ұмтылған жастарға жасалып отырған үлкен мүмкіндік. Біздің мақсатымыз – білімді, ізденімпаз жастарды қолдап, олардың сапалы білім алып, болашақта білікті маман болып қалыптасуына жағдай жасау, – деді университет ректоры Мұхтар Төлеген.

Кездесу одан әрі университеттің шығармашылық ұжымдарының өнерімен жалғасты. «Қарагөз» би ансамблі әсем биімен көрермендерге ерекше әсер сыйласа, «Мадмуазел» жайдарман командасы әзілге толы қойылымымен көпшіліктің көңілін көтерді.

评论