Қазақстан мен Түркия қорғаныс саласындағы әріптестікті нығайтпақ

313
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ktUC9cvcPNT9Vc8QdKHouaYsxkTZasHMPNK1LL4e.jpg

Түркия Қазақстанмен қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, тереңдетуді көздеп отыр. Бұл туралы Түркияның Қорғаныс өнеркәсібі басқармасының басшысы Халук Гергюн Анкарадағы президенттік кешенде өткен келіссөздерден кейін мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Кездесу барысында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты және оның делегациясын қабылдаған.

Халук Гергюннің айтуынша, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы өзара іс-қимыл екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттарының бірі саналады. Ол Түркияның Қазақстан үшін сенімді әрі ұзақ мерзімді серіктес екенін атап өтіп, елдің қорғаныс өнеркәсібі соңғы 25 жылда қарқынды дамығанын жеткізді.

Ведомство басшысы түрік қорғаныс өнімдерінің бәсекеге қабілетті екенін де атап өтті. Сондай-ақ Анкара серіктес елдермен бірлескен өндірісті дамытуға ықпал ететін саясат жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.

«Біз достас әрі бауырлас Қазақстанмен өзара тиімділік негізінде ынтымақтастық бағыттарын әртараптандырып, одан әрі тереңдетуді көздейміз», – деп жазды Халук Гергюн NSosyal әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Оның сөзінше, екі елдің тәжірибесін ұштастыру түркі әлеміндегі қауіпсіздік пен өркендеуді нығайтуға ықпал етеді.

评论