Актер 20 жылдан соң Борат рөліндегі кейіпкер үшін кешірім сұрады

151
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Df88AEXZ21uLol5ZsBSGH05J34ZtHcIT4uoAmGIP.jpg

Британдық әзілкеш Саша Барон Коэн өзінің Борат кейіпкері үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады. Бұл туралы ол Happy Sad Confused подкастында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол бастапқыда Борат кейіпкері Албаниядан шыққан болуы керек екенін жеткізді. Алғашында BBC арнасына арнап әзірленген кейіпкер кейін жоба HBO арнасына ауысқан соң өзгертілген. Сол кезде комикке америкалық көрермендер аз білетін басқа елді таңдау қажет болған. Осылайша, оның таңдауы Қазақстанға түскен.

«Мен алғаш рет Қазақстан халқынан кешірім сұрағым келеді. Өйткені Бораттың Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан, қазақстандықтар, араларыңызда арнайы тапсырма алып, белгілі бір мақсатпен осында келгендер болса, сол миссиядан бас тартуларыңызды сұраймын. Мен ешкімге зиян келтіргім келген жоқ. Мен сіздердің халқыңыз бен мәдениеттеріңізді құрметтеймін. Өтінемін, мұны жеке қабылдамаңыздар», – деді Коэн көрермендер алдында.

Коэн Борат кейіпкеріне қатысты Қазақстан елшілігінің реакциясын да еске алды. Оның айтуынша, ел өкілдері кейіпкердің мұртына назар аударып, қазақстандықтардың сырт келбеті Боратқа ұқсамайтынын айтқан.

«Кешірім сұраймын. Мен сіздердің акценттеріңізді сала алмаймын, өйткені қалай сөйлейтіндеріңізді білмеймін. Сіздер Боратқа мүлде ұқсамайсыздар. Қазақстан Моңғолияға жақын орналасқан, бірақ сіздер мүлде басқа халықсыздар», – деді актер.

Коэннің сөзінше, Борат туралы әзілдер Қазақстанның өзіне емес, адамдардың бұл ел туралы аз білуіне байланысты болған. Ол Қазақстан жөнінде мардымды ақпараты жоқ адамдарға ел туралы ойдан шығарылған оқиғаларды айтып берген.

Айта кетейік, «Борат» фильмі 2006 жылы жарыққа шығып, онда Қазақстан мен оның тұрғындарының бейнеленуіне байланысты елде сынға ұшырады. Фильмнің басты кейіпкері — АҚШ-қа сапар шегіп, түрлі абсурдты жағдайларға тап болатын ойдан шығарылған қазақстандық журналист.

评论