Психиатриялық мекемеде 37 күн болған фельдшер апелляциялық сотта жеңіске жетті

249
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZN9JOwaC8HKeHzGeOlpBHF6h4RUl219bXMbfW9k2.webp

Түркістанда медицина қызметкерлерінің құқығын қорғап жүрген кезінде психиатриялық ауруханаға мәжбүрлі түрде жатқызылғанын мәлімдеген Мұхаммад Өмірбек тоғыз айға созылған сот дауының алғашқы нәтижесіне қол жеткізді. Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасы оның шағымын қанағаттандырып, талап арызын қайтару туралы бірінші сатыдағы соттың ұйғарымының күшін жойды. Бұл туралы ол «Жас Алашқа» айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мұхаммад Өмірбектің сөзінше, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың талап қою арызын қайтару туралы шешімін жойған. Осылайша, оның ісін сотта мәні бойынша қарауға мүмкіндік туған.

Алайда апелляциялық соттың бұл шешімі Мұхаммад Өмірбектің психиатриялық диагнозы заңсыз деп танылды немесе оның барлық талабы қанағаттандырылды дегенді білдірмейді. Қазіргі таңда сот талап арызын қарауға жол ашқан. Ал негізгі дау бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.

Түркістан тұрғыны Мұхаммад Өмірбек 5 жыл бойы фельдшер болып жұмыс істеген және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайы мен әлеуметтік мәселелеріне назар аударуға тырысқан.

2025 жылдың қарашасында ол «103 Қазақстан» атты WhatsApp тобын ашып, фельдшерлердің жалақысын көтеру, зейнет жасын қайта қарау, тұрғын үй мәселесін шешу және еңбек құқықтарын қорғау жөнінде ұсыныстар көтерген.

Өзінің айтуынша, осы қоғамдық белсенділігінен кейін оған жергілікті билік пен құқық қорғау органдары тарапынан қысым көрсетіле бастаған. Ол полиция қызметкерлері мен әкімдіктің ішкі саясат бөлімі тарапынан қысым көргенін мәлімдеген. Ал жергілікті әкімдік бұл айыптауларды жоққа шығарған.

Оқиғаның ең даулы тұсы 2025 жылғы 5 желтоқсанда басталған. Мұхаммад Өмірбектің айтуынша, сол күні полиция қызметкерлері оны психиатриялық медициналық мекемеге жеткізген. Нәтижесінде ол 37 күн бойы психиатриялық ауруханада жатқан.

Оған F22 – «сана бұзылысы» диагнозы қойылған. Бұл диагноздың негізділігіне күмән келтірген Өмірбек өзінің психикалық жағдайына қатысты тәуелсіз сараптамадан өтуге шешім қабылдаған.

Ол кейін Астана қаласында психиатриялық тексеруден өтіп, психикалық ауытқуы жоқ екені туралы қорытынды алғанын мәлімдеген. Осылайша, бір азаматтың психикалық денсаулығына қатысты екі түрлі медициналық қорытынды туралы мәселе туындаған.

Ер адам Түркістандағы психиатриялық мекеменің әрекеттерімен келіспей, сотқа жүгінген. Оның негізгі талаптарының қатарында қойылған диагноздың заңдылығын даулау және психиатриялық есептен шығару мәселелері болған. Алайда бірінші сатыдағы сот оның талап қою арызын қайтару туралы ұйғарым шығарған. Соның салдарынан негізгі дау мәні бойынша қаралмаған.

Мұхаммад Өмірбек бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Енді Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың ұйғарымын жойған.

Апелляциялық соттан кейін Мұхаммад Өмірбек күресін жалғастыратынын мәлімдеді.

 

评论