Инфрақұрылымды жаңғыртуға триллиондаған теңге бөлінбек

290
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cUHcOOH298YZBntzngkFbHOEPtnWYQGkPqfU0hRC.jpg

Қазақстанда әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Президенттің сөзінше, ел бойынша аса қажетті инфрақұрылым нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары қолға алынады. Осы мақсатта Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді.

«Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ел экономикасының әлеуетіне де тоқталды. Оның сөзінше, Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды. Жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады деп күтілуде.

Сонымен қатар мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқанын, ал алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің жалпы көлемі 130 миллиард доллардан жоғары екенін атап өтті.

Тоқаев бұл әлеуетті инфрақұрылымды жаңғыртуға және өңірлерді дамытуға бағыттау қажеттігін айтты.

Бұдан бөлек, президент қалаларды дамыту мәселесіне де назар аударды. Оның пікірінше, әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен орта және ұзақ мерзімді даму жоспары болуы керек. Сондай-ақ қала инфрақұрылымын тиімді басқару үшін оның цифрлық сыңарын әзірлеу тапсырылды.

Мемлекет басшысы қалалардың қауіпсіз, жайлы әрі көрікті болуын маңызды мемлекеттік міндет ретінде қарастыру қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, қалалардың қарқынды дамуы өңір экономикасының өркендеуіне және адами әлеуеттің артуына ықпал етеді.

评论
其他材料