Көкшетауда Республика күніне орай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

136
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7C2z5bvxZduHOGw0YDpQUjjqwzonu4OO5kEOp2J9.jpg

Ақмола облысында Республика күніне орай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындарға 250 тоннадан астам өнім ұсынылды. Жергілікті тауар өндірушілер тұрғындарға азық-түлік өнімдерін нарықтағы бағадан 10–15 пайызға төмен бағамен ұсынды.

Мерекелік жәрмеңкеге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, сауда орындарын аралады. Өңір басшысы жергілікті тауар өндірушілермен кездесіп, өнімдердің сапасы мен бағасына назар аударды. Сондай-ақ тұрғындармен әңгімелесіп, оларды Республика күнімен құттықтады.

Жәрмеңкеге Аршалы, Егіндікөл, Шортанды, Бұланды, Қорғалжын, Есіл, Сандықтау және Біржан сал аудандарының, сондай-ақ Қосшы және Степногорск қалаларының өкілдері қатысты. Сауда жасауға арналған 50 павильонда 100 орын жабдықталды.

“Шараға өңірдегі 25 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қатысып, өнімнің 30-дан астам түрін сатылымға шығарды. Сатып алушыларға ет және шұжық өнімдері, сүт пен сүт өнімдері, жұмыртқа, ұн, картоп, көкөніс, өсімдік майы және басқа да күнделікті қажетті азық-түлік ұсынылды.”, дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы өкілдері. 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен ұсынуға ерекше мән берілді. «СПК Kokshe» ҰК» АҚ-ның тұрақтандыру қоры арқылы сиыр еті, бірінші сұрыпты ұн, қант, күріш, тұз, күнбағыс майы, макарон өнімдері, картоп және сәбіз сатылымға шығарылды.

Қорғалжын ауданының Арықты ауылдық округінен келген кәсіпкер Гүлмира Мәжитова жәрмеңкеге екі жылқы мен бес ірі қараның етін әкелді. Оның айтуынша, өнімге деген сұраныс жоғары болған.

«Бүгінгі саудамыз сәтті өтті. Тұтынушылар өнімдерімізге, әсіресе етке жоғары баға берді. Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз тыныш, Отанымыз аман болсын. Халқымыз әрдайым ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп, мемлекетіміз дами берсін», – деді кәсіпкер.

Қала тұрғыны Гүлмира Байшева да жәрмеңкеден қажетті азық-түлігін сатып алды. Ол картоп, қызылша, сәбіз, балық және жұмыртқа сияқты өнімдерді тиімді бағамен алуға мүмкіндік болғанын айтты.

«Осындай жәрмеңкенің ұйымдастырылғанына қуаныштымын. Осы маңда тұратындықтан, қажетті азық-түлікті алысқа бармай-ақ сатып алдым. Сауда жасап қана қоймай, мерекелік концертті тамашалап, жақсы көңіл күйге бөлендік. Мұндай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылса екен. Барша отандастарыма зор денсаулық пен табыс тілеймін! Республика күні құтты болсын!» – деді қала тұрғыны.

Мерекелік жәрмеңке тұрғындарға қажетті азық-түлікті қолайлы бағамен сатып алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, жергілікті өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етті.

评论
其他材料