АҚШ, Қытай және Британия Қазақстан мұнайын барлауға қаржы салуы мүмкін

133
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/WiBvSOOG2EB7kwqU7qdCuixAafsQnVdzTiW35e4O.jpg

Қазақстанда жаңа мұнай кен орындарын барлау үшін бір топ шетелдік компания 500 млн доллар салмақ, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Атап айтқанда, америкалық Chevron, британдық Shell және қытайлық Sinopec пен China National Offshore Oil Corporation компанияларының қатысуымен консорциум құру жоспарланып отыр. Бірлескен кәсіпорынға шамамен 500 млн доллар инвестиция салу көзделген.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиевтің айтуынша, тараптар сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізіп, кейін іздеу ұңғымаларын бұрғылау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Сонымен қатар министрліктермен 23 жоба бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Жаңа консорциум аясында тереңдігі 5,5–10 шақырым болатын ұңғымаларды бұрғылау жоспарланған. Қазіргі ірі мұнай кен орындарындағы ұңғымалардың ең үлкен тереңдігі шамамен 5,5 шақырымға жетеді.

Басылымның мәліметінше, консорциумды 2026 жылдың соңына дейін құру жоспарланып отыр.

Аталған компаниялардың барлығы Қазақстанда жұмыс істейді және еліміздегі ірі мұнай кен орындарын игеруге бағытталған басқа да консорциумдардың құрамына кіреді.

Қазақстанда көмірсутек шикізатының 350-ден астам кен орны бар. Қазір мұнай өндіру көлемі шегіне жеткен немесе төмендей бастаған кен орындарының үлесі басым. Осыған байланысты ел билігі мұнай өндіру көлемін сақтау және арттыру мақсатында геологиялық барлау жұмыстарын кеңейтуді көздеп отыр.

评论