АҚШ шетелдік студенттер үшін оқу мен тәжірибе төлемін 100 мың долларға дейін көтермек

136
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hOqPMKnpNEHIX5UX6aaqgpULAj0dcs5mFUl64iGX.jpg

АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі елде жұмыс істеуді жоспарлаған шетелдік студенттер үшін оқу мен тәжірибеден өтуге байланысты төлемдерді айтарлықтай арттыруды ұсынды. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ұсынылған жоспарға сәйкес, F-1 студенттік визасымен келген шетел азаматтары қосымша тәжірибелік дайындық бағдарламасына (OPT) қатысу үшін аккредиттелген оқу орнына 70 мың доллар, ал жұмыс орнындағы қосымша оқыту үшін тағы 30 мың доллар төлеуі тиіс болады.

OPT бағдарламасы шетелдік студенттерге оқу семестрі кезінде аптасына 20 сағатқа дейін өндірістік тәжірибеден өтуге, сондай-ақ оқуын аяқтағаннан кейін белгілі бір мерзім жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) салалары бойынша диплом алған түлектер үшін бұл мерзім ұзартылуы мүмкін. Қазіргі таңда бағдарламаға қатысу құны шамамен 500 долларды құрайды.

АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәліметінше, жаңа ереже алаяқтықтың алдын алуға, иммиграциялық жүйенің тұтастығын нығайтуға және америкалық жұмысшылардың мүддесін қорғауға бағытталған.

«Министрлік жұмыс берушілердің, студенттердің және білім беру ұйымдарының F-1 визасы бойынша елге кіру талаптарына сәйкес әрекет етуін қамтамасыз ету үшін төлем енгізіп отыр», – деп мәлімдеді ведомство.

Мұндай тәжірибелік бағдарламалар көбіне студенттердің H-1B жұмыс визасына өту кезеңі ретінде қарастырылады. Дональд Трамп әкімшілігі бұл виза бойынша алымдарды да көтерген болатын. H-1B бағдарламасы ондаған жылдар бойы әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас инженерлер мен ғалымдарға АҚШ университеттерінде алған білімін жоғары жалақылы жұмысқа және кейін тұрақты тұру құқығына айналдыруға мүмкіндік беріп келді. АҚШ-тың ірі технологиялық компаниялары білікті мамандар тапшылығын осы кадрлар есебінен толықтырып отыр.

Айта кетейік, Дональд Трамп 2024 жылғы сайлауалды науқаны кезінде шетелдік студенттердің АҚШ-та қалуын жеңілдетуге уәде беріп, жоғары оқу орнын тәмамдағандарға грин-картаны автоматты түрде беруді ұсынған еді.

Министрліктің ұсынысы алдағы 30 күн ішінде қоғамдық талқылаудан өтеді. Осыдан кейін құжат түпкілікті бекітіледі. Алайда ведомство жаңа талаптарды енгізбес бұрын мектептерге, студенттерге және жұмыс берушілерге дайындалу үшін қосымша 60 күн уақыт берілетінін мәлімдеді.

相关新闻

评论
相关新闻