Тимур Тұрловтың үстінен Ресей прокуратурасы шағым түсірді

128
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/1gKxN2XfivqdHst9zWjFn5kwG0iVFxFxWevjpJQ3.jpg

Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы қазақстандық кәсіпкер, Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Тұрловқа және бірқатар компанияға қатысты Мәскеудің Тверь аудандық сотына талап арыз берді.

Соттың электронды картотекасында әкімшілік талапкер ретінде РФ Бас прокурорының орынбасары, ал жауапкерлер қатарында Тимур Тұрлов, Алексей Щукин, сондай-ақ W-Empirical Holding Corp., Freedom Holding Corp. және Freedom Finance Europe Ltd. компаниялары көрсетілген.

Іс бойынша талаптардың нақты мазмұны әзірге жарияланған жоқ. Алдын ала сот отырысы 15 қазанға белгіленген.

Freedom Holding баспасөз қызметі сотқа берілген талап арызды зерттеп жатқанын мәлімдеді.

Компанияның хабарлауынша, холдинг Ресей аумағында қызмет жүргізбейді және елде активтері жоқ. Сондай-ақ компания бұл істің холдинг қызметіне елеулі қауіп төндіреді деп есептемейтінін жеткізді.

Тимур Тұрлов 2010 жылдары Ресейде банк, брокерлік және инвестициялық бағыттарда бизнес жүргізген. 2022 жылы ол Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан азаматтығын алды.

Freedom Holding ресейлік активтерінен шығу процесін сол жылдың қазан айында аяқтаған.

Бұған дейін Ресейде W-Empirical Holding Corp. компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тергеу нұсқасы бойынша, ресейлік инвесторлар шетелдік акциялардың бағасын манипуляциялап, компанияға 150 миллион рубльден астам шығын келтірген.

2025 жылдың сәуірінде ресейлік сот инвестор Сергей Кулешовті W-Empirical Holding Corp.-тан 162 миллион рубль жымқыру ісі бойынша үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырған.

Айта кетейік, Тимур Тұрлов Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша 2026 жылы Қазақстанның ең бай 75 бизнесмені арасында алтыншы орынға ие болды. Оның байлығы 5,2 миллиард долларға бағаланған. 2025 жылы кәсіпкер бұл рейтингте 5,8 миллиард доллар байлығымен екінші орында болған.

评论