Фото: Бауыржан Қарағызұлы
Алғашқы тәуелсіз парламенттің газеті болған «Халық Кеңесі» араға отыз жылға жуық уақыт салып қайта жарық көрді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Басылым 1990 жылдың көктемінде Жоғарғы Кеңестің ресми үнжариясы ретінде алғаш рет жарыққа шыққан. Егемендік қалыптасқан кезеңде газет мемлекет пен қоғам арасындағы пікір алмасу алаңы ретінде қызмет еткен.
Басылымда Сарбас Ақтаев, Жұмабек Кенжалин, Марат Тоқашбаев сынды белгілі журналистер еңбек еткен.
Газетті Жұмабек Кенжалин басқарған кезде Республика бойынша алдыңғы қатардағы басылымға айналған. Алайда 1996 жылдың басында Парламенттің қос палаталы жүйеге көшуіне байланысты газет шығуын тоқтатқан.
Араға жылдар салып, қайта жарық көрген «Халық Кеңесі» газетінде елдегі қоғамдық-саяси өзгерістерді сараптауға, азаматтардың пікірлері мен бастамалары жарияланады. Сонымен қатар Қазақстан Халық кеңесінің жұмысы, өңірлердегі мәслихаттар мен қоғамдық ұйымдардың қызметі де басылымның негізгі тақырыптарының бірі болады.
Бүгінде «Халық Кеңесі» республикалық қоғамдық-саяси газет және halyq-kenesi.kz дербес ақпарат агенттігі ретінде жұмыс істейді.
Басылым дәстүрлі қағаз нұсқасымен қатар электронды ақпараттық портал ретінде де жұмысын бастады.
