Премьер «ҚазАвтоЖол» жұмысын сынады

173
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nwR04PXruKWeCyyg4ZnZzVX2RyOW7EvYDlAtL8KW.webp

Премьер-министр Олжас Бектенов «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің жол қауіпсіздігі бойынша есебін тыңдап, жолдардың сапасына қатысты бірқатар мәселені көтерді, деп хабарлайды "Адырна".

Үкімет отырысында Дархан Иманашев жыл басынан бері республикалық маңызы бар жолдарда 2062 жол-көлік оқиғасы тіркелгенін айтты. Оның сөзінше, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға аз.

Сонымен қатар республикалық маңызы бар жолдардағы көлік қозғалысының қарқындылығы 30%-ға артқан. Осыған байланысты жолдардың бірінші және екінші санаттарының ұзындығы ұлғайып, бейнемониторинг жүйелері мен жолдардың инженерлік жабдықтары жетілдіріліп жатыр.

Үкімет мәліметінше, республикалық маңызы бар жолдардың 94%-ы нормативтік талаптарға сәйкес келеді. Ал облыстық және аудандық маңызы бар жолдар бойынша бұл көрсеткіш 91%-ды құрайды.

Премьер-министр Олжас Бектенов жол сапасына қатысты мәселелер бұған дейін де көтерілгенін атап өтті.

«Президент атап өткен барлық кемшілік сіздердің жұмыстарыңызға да тікелей қатысты. Сондықтан жол сапасын жақсарту қажет. Жұмыс істеңіздер, әйтпесе бұл мәселе бойынша басқа адамдар жұмыс істейді», – деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын арттыруды және анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.

评论