Шетелдіктерге Қазақстанның банк картасын рәсімдеу жеңілдетілді

112
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TtaW4GgWzTXovnJg7fM2Ww7BI2sDgtGoSdHieCFe.jpg

Фото: istockphoto

Қазақстанда тұруға ықтиярхаты жоқ шетел азаматтарына банк шотын ашу және карта рәсімдеу тәртібі жеңілдетілді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктердің ішкі бақылау қағидаларына тиісті өзгерістер енгізді, деп хабарлайды "Адырна".

18 қыркүйекте жарияланған құжатқа сәйкес, Қазақстанда тұруға ықтиярхаты немесе тұрақты тұруға рұқсаты жоқ резидент емес тұлғалар жоғары тәуекелді клиенттер санатынан шығарылды.

Осыған байланысты шетел азаматтары шот немесе карта ашқан кезде бұрынғыдай қосымша тексерулерден өтуге міндетті емес. Банктер енді олардан Қазақстанда болу мақсаты, шот ашу себебі, қаражат көзі, халықаралық аударымдар және басқа банктердегі шоттары туралы кеңейтілген сауалнама талап етпейді.

Сонымен қатар телефонның IMEI нөмірін міндетті түрде тексеру талабы да алынып тасталды. Енді банк клиенттің жеке басын куәландыратын құжатын тексеріп, биометриялық сәйкестендіру жүргізеді.

Егер клиент жоғары тәуекел тобына жатқызылса немесе алаяқтық белгілері байқалса, банк қосымша құжаттар сұратып, күшейтілген тексеру жүргізе алады.

Резидент емес тұлғаларға берілетін банк картасының ең ұзақ қолданылу мерзімі өзгерген жоқ — 12 айға дейін.

Бұған дейін, 2025 жылдың басында, Қазақстанда резидент емес тұлғаларға банк картасын беру талаптары қатаңдатылып, олардың қолданылу мерзімі бір жылмен шектелген болатын. Енгізілген жаңа өзгерістер шетел азаматтарының Қазақстандағы банк қызметтерін пайдалану кезіндегі бірқатар бюрократиялық талаптарды жеңілдетеді.

评论