"КітапFest": Алматыда кітап пен оқырманды тоғыстырған жәрмеңке басталды

146
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/53EhelbIikCArGOHoKR7blYkPfbuwDbEAjKKHAof.jpg

Алматыда Қала күніне орай ұйымдастырылған «КітапFest» қалалық кітап жәрмеңкесі басталды. Екі күнге жоспарланған мәдени шараның алғашқы күні Арбат алаңында қала тұрғындары мен қонақтарына кітап әлеміне еніп, қаламгерлермен жүздесіп, әдеби жаңалықтармен танысуға мүмкіндік беруде.

Биыл жәрмеңкеге 60-тан астам баспа қатысып, оқырман назарына түрлі жанр мен бағыттағы жаңа кітаптар мен таңдаулы басылымдарды ұсынып отыр. Келушілер өздеріне қажетті әдебиеттерді таңдап қана қоймай, отандық авторлармен кездесіп, шығармашылық туралы пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Жәрмеңкенің алғашқы күнінде белгілі ақын-жазушылардың қатысуымен әдеби кездесулер өтуде. Қаламгерлер өз шығармашылығы, кітап оқу мәдениетінің маңызы және қазіргі оқырманның талғамы туралы ой бөлісіп, көпшілік сауалына жауап берді.

Кездесу барысында жазушы, драматург Әлішер Рахат Алматы тұрғындарын Қала күнімен құттықтап, «КітапFest» жәрмеңкесінің  жыл сайын оқырман мен қаламгерді жақындастырып, әдеби орта мен қала тұрғындарын бір алаңға тоғыстыратын маңызды мәдени шара екенін атап өтті.

Жәрмеңкеге келген қала тұрғындары да шараның мазмұнына оң бағасын беріп, кітап таңдауға және авторлармен жүздесуге қызығушылық танытуда.
«Бүгін кітап жәрмеңкесіне арнайы келдім. Мұнда әртүрлі жанрдағы кітаптар көп екен, өзіме ұнаған бірнешеуін тауып алдым. Әсіресе отандық авторлармен кездесіп, шығармалары туралы өздерінен есту қызық болды», – деді жәрмеңке қонағы Алматылық студент Асылжан Бауыржанұлы.

Алматыда кітапқа деген қызығушылықты арттыруға, оқырман мен әдеби ортаның байланысын нығайтуға бағытталған жобалар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. «КітапFest» жәрмеңкесі де осы бағыттағы маңызды мәдени бастамалардың бірі. Мұндай бастамалар кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, отандық әдебиетті кеңінен насихаттауға және қала тұрғындарының рухани-мәдени өмірін байытуға бағытталған.

Айта кетейік, «КітапFest» қалалық кітап жәрмеңкесі 19–20 қыркүйек күндері сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін Арбат алаңында өтеді. Жәрмеңкеге барлық қала тұрғындары мен қонақтары шақырылады

评论
其他材料