Алматыдағы ақылы тұрақтар қымбаттайды. Жаңа тарифтер ұсынылды

128
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LT6yHaeDMkbcaScbVaivWr5pg8aSYnNGTzaPpmcY.webp

Алматыда коммуналдық ақылы тұрақтардың тарифтерін өзгерту ұсынылды. Жаңа жүйе бойынша тұрақ ақысы барлық аумақта бірдей 100 теңге емес, көлік жүктемесіне қарай сағатына 100, 150 және 200 теңге болып белгіленуі мүмкін. Бұл туралы Алматы мәслихатының сессиясында Алматы қаласының жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев айтты, деп хабарлайды “Адырна”.

Оның айтуынша, қолданыстағы бірыңғай тариф 2016 жылдан бері өзгермеген. Осы уақыт аралығында Алматыдағы көлік саны бір миллионнан асып, жолдар мен тұрақ орындарына түсетін жүктеме артқан. Әсіресе қаланың орталық бөлігінде тұрақ орындарына сұраныс жоғары.

Ұсынылып отырған жаңа тарифтік жүйе екі негізгі көрсеткішке негізделеді: аумақтағы көлік жүктемесі және оның функционалдық мақсаты.

Көлік қозғалысы салыстырмалы түрде төмен учаскелерде тұрақ құны сағатына 100 теңге болып қалады. Орташа жүктемесі бар аумақтарда тариф 150 теңге, ал тұрақ орындары тапшы әрі сұраныс жоғары учаскелерде 200 теңгеге дейін белгіленуі жоспарланып отыр.

Диханбаевтың айтуынша, жоғары сұранысқа ие аумақтардағы тарифтің өсуі көлік жүргізушілерін тұрақта ұзақ уақыт тұрмауға ынталандырып, орындардың ауысымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қысқа мерзімге көлік қою үшін бос орындардың қолжетімділігін жақсартуға бағытталған.

Ақылы тұрақ аймағында орналасқан үйлердің тұрғындары үшін қолданыстағы жеңілдіктерді сақтау жоспарланып отыр.

Әкімдік мәліметінше, тұрғын үй иелері арнайы рұқсат рәсімдеу арқылы тұрғылықты жеріне жақын орналасқан белгіленген тұрақ орындарын тегін пайдалана алады. Сонымен қатар пайдаланушылардың басқа да жеңілдік санаттары сақталады.

Жаңа тарифтік жүйенің негізгі мақсаты – тұрақ орындарының айналымын арттырып, қысқа мерзімге көлік қоятын жүргізушілер үшін бос орындардың болуын қамтамасыз ету.

Әзірлеушілердің пікірінше, сараланған тарифтер көлік көп шоғырланатын көшелерде көліктің тоқтап тұру уақытын қысқартуға, екінші қатарға көлік қою жағдайларын азайтуға және бос тұрақ іздеуге кететін уақытты қысқартуға ықпал етуі мүмкін.

Сондай-ақ бұл шара Алматының орталық бөлігіндегі көлік жүктемесін азайтып, жол қозғалысына қатысушылардың жүріп-тұру жағдайын жақсартуға бағытталған.

评论