Транскаспий бағыты бойынша тасымал көлемі 22 пайызға өскен

209
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/wAZVwfBt1ouQCutC5Svm4xtFetxOtEYPTyznmliC.jpg

Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалдау көлемі 8 айда 22 пайызға өсті. Бұл туралы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Министр 7–8 қыркүйек күндері Батуми қаласында өткен Грузия халықаралық теңіз форумына қатысқан. Форум барысында халықаралық көлік дәліздерін дамыту, Еуропа мен Азия арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды нығайту, сондай-ақ көлік саласын цифрландыру мәселелері талқыланған.

Форумның алғашқы күнінде Жәнібек Тайжанов «Теңіздерден дәліздерге: әлемдік сауданың жаңа географиясы» атты панельдік сессияда сөз сөйлеген. Талқылау барысында Орта дәлізді дамытуға, теңіз, теміржол және порт көлігін өзара ықпалдастыруға, сондай-ақ халықаралық жеткізу тізбектерінің мобильділігі мен тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылған.

Вице-министр Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (ТХКМ) дамуындағы оң динамиканы атап өткен. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша ТХКМ арқылы тасымал көлемі 22%-ға артқан. Ал Шығыс–Батыс бағыты бойынша транзиттік тасымал 55%-ға өскен.

Іс-шара аясында порт инфрақұрылымын дамыту, теңіз көлігі саласындағы халықаралық ынтымақтастық, саланы цифрлық трансформациялау, навигация мен кеме қатынасы қауіпсіздігін жетілдіру, сондай-ақ теңіз секторында «бір терезе» қағидатын қолдану мәселелері де талқыланған.

Сонымен қатар Жәнібек Тайжанов форум аясында бейінді министрліктер мен ведомстволардың, сондай-ақ бизнес өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізген. Кездесулер барысында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, Орта дәліз арқылы жүк ағынын арттыру және көлік процестерін цифрландыру мәселелері талқыланған.

评论