Хиджабқа рұқсат берген жекеменшік мектептер лицензиясынан айырылуы мүмкін

111
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0qMhZ6mXwQCZS3N5wr9Hpg4QLClX9LXldCb2Z9ZS.jpg

Қазақстанда мектеп формасына қойылатын бірыңғай талаптарды бұзған жекеменшік білім беру ұйымдары лицензиясынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкіметтегі брифингте айтты.

Министрге кейбір жекеменшік мектептерде оқушыларға хиджаб киюге рұқсат берілгені және оның министрліктің жалпы саясатына қаншалықты сәйкес келетіні туралы сұрақ қойылды.

Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан мектептерінде бірыңғай мектеп формасы белгіленгенін атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы мұндай жағдайлар, соның ішінде жекеменшік мектептерде кездескен.

«Бізде бірыңғай форма. Барлық мектеп осы талаптарға сәйкес жұмыс істейді. Мұндай жағдайлар болды. Біз бұл мектептермен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл мәселемен Ұлттық қауіпсіздік комитеті де бірлесіп айналысады», – деді министр.

Оның айтуынша, мәселені арнайы комиссия қарастырады. Оның құрамына әкімдіктер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де кіреді.

«Қазір, оқу жылының басында, мұндай мектептер жоқ», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр мектеп формасына қатысты талаптарды бұзу фактісі анықталған жағдайда білім беру ұйымы лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін ескертті.

评论