Қазақстанда пойыз билеттерін сату тәртібі өзгеруі ықтимал. Жаңа жүйе енгізілген жағдайда бір купеге тек ер адамдар немесе тек әйелдер билет сатып ала алады. Бұл ұсынысты Threads әлеуметтік желісіндегі қазақстандық қолданушы көтерді.
Оның айтуынша, Түркияда бір купедегі орындар ерлер мен әйелдерге аралас сатылмайды.
«Егер купедегі орынды бірінші болып ер адам сатып алса, кейін сол купеге тек ер адамдар ғана билет ала алады. Ал алғашқы орынды әйел адам таңдаса, қалған орындар әйелдерге ғана ұсынылады. Неліктен мұндай жүйені Қазақстанда да енгізбеске?» — деп жазды қолданушы.
Жазбаға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері жауап берді. Компания бұл ұсыныс қазіргі уақытта мамандар тарапынан зерттеліп жатқанын хабарлады.
«Бұл жүйені қазір мамандарымыз зерттеп жатыр. Кейін оны енгізу мәселесі қарастырылады», – делінген ҚТЖ жауабында.
Сонымен қатар компания Қазақстанда әйел жолаушыларға арналған қызметтің қазірдің өзінде бар екенін атап өтті. Ұлттық тасымалдаушы негізгі бағыттарда «әйелдер вагоны» қызметін іске қосқан.
Осылайша, болашақта пойыз купелерінде жолаушыларды жынысына қарай бөлек орналастыру жүйесі енгізілуі мүмкін. Алайда әзірге бұл тек ұсыныс ретінде қарастырылып жатыр, нақты шешім қабылданған жоқ.
