Қазақстанды 76 күн велосипедпен аралаған саяхатшының «темір тұлпары» ұрланды

229
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/5rJFiHxddxIern4q9vIkdhUsW94sdfElpYK0xYbt.jpg

Қазақстанды велосипедпен аралап жүрген Шыңжаң тумасы Бүрлен Әділетқызының «темір тұлпары» Астанада ұрланған. Бұл туралы журналист Бердібек Қабайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Бүрлен Әділетқызы Қазақстан аумағын 76 күн бойы велосипедпен аралап, елдің әр өңірін жаяу емес, қос дөңгелекті көлігімен жүріп өткен. Саяхатшы үшін ерекше мәні бар велосипед елордада тұрған жерінен белгісіз біреулердің қолды болған.

Оқиғадан кейін Бүрлен Әділетқызы көзіне жас алып, көпшіліктен көмек сұраған. Әлеуметтік желі қолданушылары елорда тұрғындарын велосипедті іздеуге атсалысуға шақырып, Астана қаласының полиция басқармасынан ұрлыққа қатысы бар адамды анықтап, көлікті иесіне қайтаруды сұрап отыр.

Айта кетейік, Бүрлен Әділетқызы Қазақстан бойынша велосаяхатын сәуір айында бастаған. Оның бұл елге жасаған алғашқы сапары емес. 2024 жылы ол Үрімші қаласынан Астанаға велосипедпен 26 күнде жеткен.

Сол сапардан кейін саяхатшы мінген велосипедін Тұңғыш Президент музейінің қорына тапсырған.

Қазір көпшілік 76 күн бойы Бүрлен Әділетқызымен бірге Қазақстанды аралаған велосипедтің табылуын күтіп отыр.

评论