АҚШ пен Иран атысты тоқтатуға келісті деген ақпарат тарады

415
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bTcb0B83d9m9egZpOHuJPT349oqpRyMl4tHvowjl.webp

Вашингтон мен Тегеран атысты тоқтатуға келісті деген ақпарат тарады. Бұл туралы РИА Новости агенттігіне Пәкістанның әскери ортасы мен Иранның қауіпсіздік органдарындағы дереккөздер мәлімдеген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Атысты тоқтату туралы келісім жасалды. Ол Ормұз бұғазында еркін навигацияны қамтамасыз етуді көздейді», – деген агенттікке сұхбат бергендер.

Олардың мәліметінше, бітім туралы ресми түрде алдағы күндері жариялануы мүмкін. Осыдан кейін тараптар келіссөздер өткізіп, бірнеше кезеңнен тұратын техникалық консультациялар жүргізуді жоспарлап отыр.

АҚШ пен Иран билігі әзірге келісімге қол жеткізілгенін ресми түрде растаған жоқ.

Бұған дейін Оманның сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди Иран тарапымен жүргізіліп жатқан келіссөздерде ілгерілеу барын хабарлаған еді.

Маусым айының ортасында АҚШ пен Иран бейбіт келісімге дайындық процесін бастауға тиіс меморандумға қол қойған болатын. Алайда бірнеше аптадан кейін жағдай қайта ушықты. Вашингтон Тегеранды Ормұз бұғазында коммерциялық кемелерге шабуыл жасады деп айыптап, тараптар өзара соққы алмасуды қайта бастады.

Соңғы апталарда Таяу Шығыстағы делдалдар АҚШ пен Иранға жаңа келісімнің шарттарын келісуге көмектесуге тырысып жатыр. АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Вашингтонның Тегеранмен келіссөздерді жалғастырып жатқанын, сонымен бірге Ислам Республикасына экономикалық қысымды күшейтіп отырғанын мәлімдеген.

Сондай-ақ АҚШ президенті Иранға қарсы экономикалық операцияның басталғанын жариялап, одақтастарын елді оқшаулауға қосылуға шақырды. Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Трамптың мәлімдемесін АҚШ-тағы ішкі мәселелерден қоғам назарын басқа жаққа бұру әрекеті деп атады.

评论