Ананың қолынан шыққан асыл мұра

85
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/sMEMvW2iwsHEvX7MkhTWGbAUj9RoJdko1Jy5jgPu.jpg

Кейде көзге қарапайым көрінетін дүниенің өзінде тұтас бір халықтың тарихы мен тағдыры, талғамы мен танымы жатады. Қолөнер де сондай. Ол – тек бұйым жасау өнері емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани сабақтастықтың көрінісі. Әсіресе ана қолынан шыққан дүниенің орны бөлек. Өйткені оның әр өрнегінде ұлттық тәрбие, әр бедерінде үлкен ізденіс, әр бұйымында жүрек жылуы бар.

Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» КММ ғимаратында өткен «Ананың қолөнері – шығармашылық көрмесі» атты мәдени іс-шара осы ойды тағы бір мәрте айшықтай түсті. Көрмеде ұлттық қолөнерді дәріптеп, аналардың шығармашылығын қолдауға бағытталған жұмыстар көпшілік назарына ұсынылды.

Іс-шараның мәні де осында – қолөнер арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, дәстүрлі өнердің қадірін кейінгі буынға түсіндіру. Көрме барысында қонақтар шебер аналардың қолынан шыққан түрлі бұйымдарды тамашалап, олардың жасалу ерекшеліктерімен танысты.

Сәндік-қолданбалы өнер шеберлері Одағының төрайымы Гүлбара Нұрқанова ұлттық қолөнердің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.

– Ұлттық қолөнер – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұрасының бір бөлігі. Оны сақтау – өткенді құрметтеу ғана емес, келешек ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жеткізу. Әсіресе аналардың бұл бағыттағы еңбегі ерекше. Себебі қолөнер арқылы балаға еңбекқорлықты, ұқыптылықты, әсемдікті бағалауды үйретуге болады, – деді Гүлбара Нұрқанова.

Көрмеге Сәндік-қолданбалы өнер шеберлері Одағының мүшелері Ұлжалғас Қарымсақова мен Кенжебай Смағұлқызы қатысып, өздерінің шығармашылық жұмыстарын таныстырды. Шеберлер әр бұйымның жасалу техникасы мен ерекшелігіне тоқталып, туындылардың тарихын әңгімеледі.

Көрмедегі әр затқа үңілгенде, оның сыртқы көрінісінен бұрын, сол бұйымды жасаған адамның еңбегі сезіледі. Біріне өрнек түсіру үшін қанша уақыт, қанша төзім керек десеңізші. Қолөнердің қадірі де осында. Ол асығыстықты көтермейді. Шеберден сабыр мен ыждағатты талап етеді.

– Қолөнерге бала кезден қызығушылық таныттым. Әр бұйымды жасағанда оның сыртқы әдемілігіне ғана емес, ұлттық мағынасына да мән беремін. Бізге дейінгі әжелеріміз бен аналарымыздың қолынан шыққан дүниелердің өзіндік тарихы бар. Сол дәстүрді жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз, – деді көрмеге қатысушы Ұлжалғас Қарымсақова.

Шара барысында шеберлік сабағы да ұйымдастырылды. Қатысушылар қолөнер бұйымдарының жасалу барысымен жақынырақ танысып, ұлттық өнердің қыр-сырын тәжірибе жүзінде көруге мүмкіндік алды.

Мұндай шеберлік сабақтарының тәрбиелік мәні де аз емес. Өйткені ұлттық өнерді тек сырттай тамашалау бір басқа да, оның жасалу барысын өз көзіңмен көріп, қолмен ұстап көру бір басқа. Осындай сәттерде дәстүрдің тірі екеніне көз жеткізесің.

Кездесу соңында қатысушылар еркін пікір алмасып, шеберлерге сауалдарын қойды. Шығармашылық тәжірибелерімен бөлісіп, ұлттық өнерді дамыту мен оны жас ұрпаққа танытудың маңызы жөнінде ой қозғады.

Қолөнер – уақыттың шаңын басқан көне дүние емес. Ол бүгін де өмір сүріп келеді. Тек оны қадірлей білу, үйренуге ниет таныту және келесі ұрпаққа жеткізу қажет.

Ана қолынан шыққан әрбір бұйым – бір отбасының ғана емес, тұтас ұлттың мәдени жадынан сыр шертетін дүние. Сондықтан мұндай көрмелердің мәні дайын бұйымдарды көпшілікке көрсетуімен шектелмейді. Ең бастысы – ұлттық өнердің қадірін арттырып, оны ұрпақ санасына сіңіруге жол ашады.

«Ананың қолөнері – шығармашылық көрмесі» де осы мақсатты көздеген тағылымды шара болды. Ұлттық өнер ұлықталған жерде ұрпақ сабақтастығы да үзілмейді. Ал ананың қолынан жалғасқан өнердің өміршеңдігі – соның айқын дәлелі.

评论
其他材料