Дунай суы түсіп кетті. Болгарияда АЭС қуаты қысқартылмақ

267
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Fn6RJGqfCrGVaakjQ9qHuQ5yIWlgxOVdXczPk7Oy.jpg

Болгария билігі «Козлодуй» атом электр станциясының жұмысын шектеу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы елдің Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Реактор қуатын 120 мегаваттқа төмендету туралы шешім Дунай өзеніндегі су деңгейінің бұрын-соңды болмаған әрі аса күрделі төмендеуіне байланысты қабылданып отыр. Бұл – АЭС-тің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың бір бөлігі. Болгария аумағындағы Дунай өзенінде су деңгейінің төмендеу үрдісі сақталуда», – делінген хабарламада.

Билік өкілдерінің мәліметінше, АЭС тарихында энергия блогының қуатын азайту шарасы станцияның 52 жылдық жұмысында алғаш рет жүзеге асырылмақ.

11 тамызда Болгарияның Энергетика министрлігі АЭС жұмысының тоқтап қалу қаупі бар екенін хабарлаған еді. Сол кезде шенеуніктер әрқайсысының қуаты 1000 мегаватт болатын екі реакторды сумен қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданғанын мәлімдеген.

АЭС басшылығының бұрынғы өкілдерінің бірі Георги Каштиевтің айтуынша, өзендегі су деңгейі тағы 10–12 сантиметрге төмендесе, электр энергиясын өндіру көлемін қысқартуға тура келуі мүмкін. Ал су деңгейі 20 сантиметрге төмендеген жағдайда «Козлодуй» атом электр станциясының жұмысы толық тоқтатылуы ықтимал.

评论