Әзербайжанға қарсы мәлімдемелерімен танылған ресейлік шенеунік қызметінен кетті

302
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/IoOs4RmYqZJo8fexhX0zLjo90l3uemB64HG6960S.webp

Бұған дейін Әзербайжанға қарсы сипаттағы мәлімдемелер жасаған Ресей көлік министрінің кеңесшісі Алексей Чадаев қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұл туралы бұрынғы шенеунік өзінің Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Ресей көлік министрінің кеңесшісі ретіндегі өкілеттігімді тоқтату туралы шешім қабылдадым», – деді ол.

Еске салайық, 17 тамызда Әзербайжанның Бас прокуратурасы терроризмге үндеді деген айыппен Ресейдің үш азаматын халықаралық іздеуге жариялаған болатын. Олардың қатарында «Москва 24» телеарнасының жүргізушісі әрі журналист Иван Князев, өзін Ресейде саяси консультант және медиа-сарапшы ретінде таныстыратын Семен Уралов, сондай-ақ тележурналист және тілші ретінде қызмет атқаратын Ресей көлік министрінің кеңесшісі Алексей Чадаев болған.

Әзербайжан Бас прокуратурасының мәліметінше, елдің конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге, аумақтық тұтастығын бұзуға, ұлттық араздық пен өшпенділікті қоздыруға, сондай-ақ терроризмге жария түрде шақыру фактілері бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында алдын ала тергеу жүргізіліп жатыр.

18 тамызда Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Ресейдің елдегі елшісі Михаил Евдокимовты шақырып, Ресей бұқаралық ақпарат құралдарында Әзербайжан мен оның басшылығына қатысты айтылған арандатушылық мәлімдемелерге байланысты қатаң наразылық білдірген.

评论