"Атамұра" корпорациясының президенті жазушы Тұрсын Жұртбайды мерейлі жасымен құттықтады

359
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/yzLAmFxpnyoXW4hxLuirzAe5LSlRabx0rZmxkxoW.png

Бүгін белгілі жазушы, әдебиетші-ғалым, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай 75 жасқа толды. Осыған орай «Атамұра» баспасының президенті Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед ғалымды мерейлі жасымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

«Тұрсын ағамыздың әдебиеттегі, ғылымдағы үлкен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Бұл – ағамыздың қазақ ғылымы мен әдебиетіне, ұлттық руханиятымызға сіңірген өлшеусіз еңбегіне берілген үлкен баға деп санаймын», – деп жазды "Атамұра" корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық жолы қазақ әдебиеті мен ғылымының маңызды бағыттарымен тығыз байланысты. Ғалымның әр жылдары жарық көрген, Абай мен Құнанбайдың тағылымды ғұмырын, Алаш қайраткерлерінің күрделі тағдырын, ұлт тарихының терең сырларын ғылыми тұрғыдан зерделейтін іргелі еңбектері «Атамұра» баспасынан жиырмадан астам кітап болып жарық көрген.

«Баспадан шыққан еңбектерінің біразын өз қолымнан өткізіп, терең танысып шықтым десем, артық айтқандық болмас. Сол қазыналы дүниелердің ішінде жақында Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Толық адам» атты екі томдық зерттеуінің орны бөлек», – деп жазды баспа басшысы.

Рақымғали Құл-Мұхаммедтің пікірінше, «Толық адам» – Тұрсын Жұртбайдың Абайдың шығармашылық ғұмырына, көркем әлеміне, ойлау жүйесі мен ішкі психологиясына қатысты ұзақ жылдар бойғы ізденістерінің ғылыми тұжырымы.

«Бұл екі томдық көлемді зерттеу әдеби-салыстырмалы талдаудың тың үлгісін ұсынып, абайтану ғылымында бұрын арнайы назарға алынбаған әдістемелік бағыттарды зерделеуімен құнды. Еңбекте Абайдың таным-түсініктеріне қатысты жаңа деректер мен дәйектер де молынан қамтылған. Сондықтан «Толық адам» – абайтанушылар мен қоғамтану ғылымының мамандарына ғана емес, Абай әлемін тереңірек танығысы келетін қалың оқырманға да аса қажет тағылымды еңбек», – деді ол.

Рақымғали Құл-Мұхаммед Тұрсын Жұртбаймен әулеті арасындағы ежелден келе жатқан сыйластыққа да тоқталды.

«Тұрсын ағамыз біз үшін орны ерекше жан. Ағамыз біздің Құл-Мұхаммед әулетімен ертеден етене араласып, ағайын-бауырдай жақын болып кеткен қадірлі адам. Біз де ағамыздың шығармашылығын үнемі назарда ұстап, еңбектерін құрметпен оқып, қолдау көрсетіп келеміз», – деді «Атамұра» корпорациясының президенті.

Сондай-ақ ол ғалымды 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық, шаңырағына бақ-береке және шығармашылығына мол шабыт тіледі.

«Қазақстанның ғылымы мен руханиятына сіңірген еңбегіңіз жана берсін! Жақында ғана иеленген І дәрежелі «Барыс» орденіңіз құтты болсын! Ұлт тарихы мен руханиятының қазынасын түгендеген еңбектеріңіз ел игілігіне жарап, ұзақ жыл қызмет ете берсін. Мерейіңіз үстем, абыройыңыз асқақ, беделіңіз биіктей берсін!» – деп ақжолтай тілегін білдірді Рақымғали Құл-Мұхаммед.

Кездесу соңында абайтанушы, ғалым Тұрсын Жұртбайды Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхаммед телефон арқылы құттықтап, ізгі тілегін жолдады.

评论
其他材料