Трамп зымыран тапшылығына байланысты Пентагоннан түсініктеме талап етті – БАҚ

143
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LTtT0DpDfIfmQCMIW9XLaEoz5mnfBUkneKC4Co1I.webp

АҚШ президенті Дональд Трамп оқ-дәрі қорының тапшылығына байланысты Қорғаныс министрі Пит Хегсеттен түсініктеме беруді талап етті. Бұл туралы Washington Post газеті жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Басылымның мәліметінше, өткен аптада Кэмп-Дэвидте өткен кездесуде Трамп Иранмен соғыс барысына қатысты наразылығын білдіріп, Пентагон басшысынан АҚШ-тың оқ-дәрі қорының елеулі тапшылығы жөнінде неге толық әрі нақты ақпарат берілмегенін түсіндіруді сұраған.

Газеттің жазуынша, Трамп оқ-дәрі тапшылығы мәселесі бұрыннан шешілген деп есептеген. Алайда кейін ол алыс қашықтыққа ұшатын басқарылатын зымырандар мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарының жетіспеушілігі туралы мәлімет алған. Дереккөздердің айтуынша, дәл осы қару-жарақ тапшылығы соңғы күндері президенттің Иранға қарсы жаңа ауқымды соққылар жасаудан бас тартуына себептердің бірі болған.

Кэмп-Дэвидтегі кездесуде Хегсет Трамптың сын-ескертпелерін қабылдамай, жауапкершілікті өзінің орынбасары Стивен Файнбергке жүктеген. Оның сөзінше, Файнберг президентке қару-жарақ қорының нақты жағдайы туралы толық ақпарат бермеген.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт бұл ақпаратқа X әлеуметтік желісінде пікір білдіріп, Кэмп-Дэвидтегі кездесуде мұндай жағдай болмағанын айтты. Оның сөзінше, Трамп Хегсетті өз міндетін өте жоғары деңгейде атқарып жатыр деп есептейді.

Өткен аптаның соңында Пентагон Иранмен соғысқа байланысты шығындарды жабу және қару-жарақ қорын қалпына келтіру үшін Конгресстен қосымша 67 миллиард доллар бөлуді сұраған еді. CNN мен Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) деректеріне сәйкес, кейбір қару түрлерінің қоры аса төмен деңгейге дейін азайған.

Бұған дейін АҚШ-тың негізгі зымыран қоры азайғаны айтылған еді.

评论