Қазақстанды "жемқор ел" деп атаған шетелдік азаматтың жеке басы анықталды

207
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/WOzStrfNR8bYdRfnZ52xYjAcET9iorzS2SVqRuiR.jpg

Әлеуметтік желілерде Қазақстан азаматтығын ақшаға сатып алғанын мәлімдеген ер адамның бейнежазбасы тарағаннан кейін Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғады. Ведомство оның айтқан мәліметтері шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады, деп жазады "Адырна".

Бейнежазбада ер адамнан мемлекеттік тілді білуге арналған тесттен өтпей азаматтықты қалай алғаны сұралады. Ол жауап ретінде "Қазақстанда бәрі сатып алынады" деп, елді жемқор мемлекет деп сипаттайды. Алайда кейін ол қазақстандықтар туралы жылы пікір білдірген.

ІІМ мәліметінше, жүргізілген тексеру барысында видеодағы адамның жеке басы анықталған. Ол Қазақстан азаматы емес, көршілес елдің азаматы болып шыққан.

Ведомствоның хабарлауынша, оның Қазақстан азаматтығын сатып алғаны туралы айтқаны расталмаған.

Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта ІІМ шетелдік әріптестерімен бірлесіп қажетті тергеу және тексеру шараларын жүргізіп жатыр.

Әзірге қылмыстық істің нақты қай бап бойынша тіркелгені және күдіктінің қай елде жүргені жарияланған жоқ.

Ішкі істер министрлігі азаматтарды тексерілмеген әрі жалған ақпаратты таратудан сақ болуға шақырды.

评论