Алматыда Мемлекет басшысының азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары жүйелі түрде жүзеге асырылуда

131
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/DTfYozTHau8zUvjQB14nA5RB31IL4bzEWb2v8Gco.jpg

Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың өмір сүру сапасын арттыру және азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру жалғасуда.

Бүгін Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қала тұрғындарына жаңа пәтерлердің кілтін табыстаудың екінші кезеңіне қатысты.

Өткен айда алғашқы кезең аясында 885 отбасы жаңа баспананың кілтіне ие болды. Екінші кезеңде жалпы саны 1832 пәтер табысталады. Оның ішінде бүгін «Кенесары» тұрғын үй кешенінде 946 отбасыға жаңа пәтердің кілті берілді. Алғашқы екі кезеңнің қорытындысы бойынша 2700 алматылық отбасының тұрғын үй жағдайы жақсарады. Үшінші кезеңде тағы 640 пәтер табысталып, одан кейін бағдарлама төртінші және бесінші кезеңдер аясында жалғасады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларын орындау аясында қаламызда тұрғын үй мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінуде», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Тұрғын үйді бөлу барысында жетім балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған мұқтаж отбасыларға басымдық беріледі. Екінші кезең аяқталғаннан кейін осы санаттағы азаматтардың тұрғын үй кезегі айтарлықтай ілгерілейді. Сонымен қатар еңбек ететін қала тұрғындары үшін жеңілдетілген ипотекалық несие бағдарламалары жұмысын жалғастыруда. Биыл «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша 5 мыңнан астам өтінім қабылданды. Жыл соңына дейін 1650 жас алматылық жеңілдетілген тұрғын үй несиесін алу мүмкіндігіне ие болады.

«Біз үшін жаңа тұрғын үй кешендерін салу – баспана тұрғызу ғана емес, тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Сондықтан «Кенесары» тұрғын үй кешенінің жанынан 1200 орындық заманауи мектеп салынды», – деді қала әкімі.

Алматы тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету қала дамуының басым бағыттарының бірі болып қала береді және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

评论
其他材料