Қарағандыда демалыста жүрген полицей өртке оранған пәтерден бес баланы аман алып шықты

65
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/5LIxC0lKylU7AlDLaxqFXPTYbgM8xnUjQHr4iOLF.webp

Қарағандыда еңбек демалысында жүрген полиция қызметкері көпқабатты тұрғын үйдегі өрт кезінде бес баланы құтқарып, ауыр зардаптың алдын алды, деп хабарлайды "Адырна".

Оқиға бүгін қаладағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Үйіне қайтып келе жатқан Қарағанды қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Дінмұхамет Сұлтан сегізінші қабаттағы пәтердің терезесінен қою түтін шығып жатқанын байқайды. Жағдайдың қауіпті екенін бірден түсінген ол еш кідірместен оқиға орнына бет алған.

Түтінге толы пәтерге кірген тәртіп сақшысы ішінде қалған бес баланы тауып, оларды қысқа уақыт ішінде қауіпсіз жерге шығарып үлгерген. Балалардың аман екеніне көз жеткізгеннен кейін ол қайтадан өрт шыққан пәтерге оралған.

Полицей алдымен электр желісін ажыратып, қысқа тұйықталу салдарынан өрттің ұлғаюына жол бермеген. Кейін оқиға орнында болған екі тұрғынмен бірге өрт сөндірушілер келгенге дейін асүйдегі жалынды ауыздықтауға кіріскен.

Дінмұхамет Сұлтанның жедел әрі батыл әрекетінің арқасында адам шығыны болуы мүмкін қайғылы оқиғаның және өрттің кеңінен таралуының алдын алу мүмкін болды.

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, полицей бұл ерлікті қызметтік міндетін атқарып жүрген кезде емес, еңбек демалысында жүрген сәтінде жасаған. Соған қарамастан ол кәсіби шеберлігі мен азаматтық жауапкершілігін жоғары деңгейде танытып, нағыз полиция қызметкеріне тән жанқиярлықтың үлгісін көрсетті.

Құтқарылған отбасының көршісі құқық қорғау органына хабарласып, балалардың өмірін сақтап қалған полицейге шынайы алғысын жеткізген.

评论