«Дайрабайдың көк сиыры» мәшинәға айналып кетеді деп кім ойлаған!..

185
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OTdfJU4E7K3OiN5Gak75bKxZCwdfIxziPImBDR7I.jpg

Фото: Dauren Maqsutkhanuly 

Ақтамберді Сарыұлының 350-жылдық мерейтойына арналған республикалық мүшәйра.

Шығарма авторларына қойылған талаптар: 

1. жырау, батыр, қолбасшы, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Ақтамберді Сарыұлының ерекше күрделі образын сомдаудағы тапқырлық пен шеберлік. 

2.  ұрпақтар сабақтастығы. 

Бәйгеден үміткер 40 (қырық) шығарма қабылдау мерзіміне үлгермеді. 119 (жүз он тоғыз) шығарма өзара сынға түсті.  Әділетсіздік орын алмас үшін, ол шығармалар қазылар алқасына ешқандай аты-жөнсіз, тек реттік сан арқылы ғана жіберілді. Қазылар алқасы құрамының конспирациясы да жолға қойылды. 

25-шілдеде, Аягөз қаласында мүшәйра өз мәресіне жетті. Үздік деп танылған алты ақын жүлделі болды. Бірақ бір күн өтпей жатып, әлеуметтік желіде қып-қызыл дау басталды. Сол баяғы гөй-гөй: - «Мүшәйра әділ өткен жоқ!..» 

Қазылар алқасының төрағасы ретінде айтарым төмендегідей.

Мүшәйраға келіп түскен шығармалармен мұқият танысып шықтық. Саралап-зерделеу барысында туындылардың мүшәйра талабына сай боларлық жоғары әдеби-көркемдік деңгейіне, тарихи-тәлімдік маңызына және стильдік ерекшеліктеріне мұқият назар аудардық. Сонда байқалған басты кемшіліктер:

Біраз авторлар «Бүгінгі заманда Елге қорған боларлық Ақтамбердідей Ер жоқ, сіңірі шыққан жаппай кедейлік, тозған ауыл, әділдік жоқ, қалай күн көреміз» сарынындағы саяси пессимизмге ұрынған; ақындардың дені Ақтамберді батырдың образын өзінше сомдаудың орнына, жыраулар поэзиясындағы символизмдік, сюрреализмдік, тіпті импрессионизмдік деуге де келетін бұрынғы ғаламат теңеулер мен бейнелі сөз тіркестеріне, ежелгі алуан әдеби-көркемдік шешімдерге жиендік (плагиаттық) жасаған; Ақтамбердінің қайраткерлік бейнесін түзуде өзінше бір тапқырлықпен көзге түскісі келген кейбір ақындардың жыраулар творчествосындағы «Шілтеннің тиіп шылауы» «Тәңірі берген Жел Сөз» секілді көптеген көне магиялық ұғымдарға елтіп, «азаматы етігімен су кешкен» (дұрысы: Ер басына күн туса, етігімен қан кешкен») түріндегі абстракциялық ауытқушылыққа ұрынып қалғандары да, «Күлдір-күлдір кісінеген жырдың дауысы Арктика мұздағын дір еткізіп!», әйтпесе «Елім!» деген жалғыз сөзі жеткілікті -  ғасырлардың қара түнін сөгу үшін!» сынды гиперболаларға беріліп кеткендері де табыла кетті; Рухты асқақтататын  баяғы жыраулық ерекше ұранды образдарды өзінше өңдеп, немесе соларға ұқсас көшірме жасап өлең құрағандары да аз емес; Ақтамбердінің өмірбаянын немесе  жоңғарлармен соғыстың қысқаша тарихын ұйқасқа салып баяндап берген «әпенді» бауырлар да бар; енді бір суреткерлеріміздің шығармасы – пафосқа толы құр ода;  «Түкірсем Замананың бетіне егер (осы заманды айтып отыр), айыппұл кеп тұрады ертеңіне» деп аңғалақтана қапаланып, әлеуметтік-әкімшілік тәртіп тақырыбын қозғап кеткендер де, Ақтамбердіні іздеп ұзақ «текіректете»... «егер өлеңдеріміз ертеңдері кітапқа шығар болса, жалғасын жазам» деген «қожанасырлар» да кездесті. Тіпті, Мағжанға арналған өлеңді де көрдік!.. 

Басым көпшілігіне ортақ бір кемшілік – жыраулық стилге ғана барынша еліктеу-солықтау, айтыскерлерге ғана тән мақам.  Туынды авторларына қойылар басты бір талап ретіндегі «Ұрпақтар сабақтастығы» мүлде ұмыт қалған. Өкінішке қарай, шығармалары әдеби-көркемдік сапасымен де, өзіндік төл стилімен де ерекшеленген, өлеңдері мен толғаулары философиялық терең маңыз бен мән жағынан да, тарихи өнегелігімен де көзге түскен ақын ағайындар бұ жолы өте аз болды. Жүлделілер – сол топтан. Ал, әлеуметтік желіде дау көтеріп, өз өлеңдерін «классикалық үлгі» ретінде жарияға жіберген жап-жақсы авторлардың да жоғарыда біз айтып өткен кемшіліктерден аманы жоқ.

Мүшәйра аяқталғанда тосыннан көріне қалған баяғыдағы бір әз ағатайымның: «Мен қатыстым ғой, маған неге жүлде бермейсіңдер?!"- деп кәрленгенін де көрдім-ау!.. Дауа жоқ. «Дайрабайдың көк сиыры» мәшинәға айналып кетеді деп кім ойлаған!.. Мейлі, дау отына мазақ майын құюды жаны өлердей қалайтын бауырлар шыға қалса, олардан да айналдық!

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

评论