«Семей орманындағы» өрт. Жалынды сөндіруге әуе күштері жұмылдырылды

114
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/j2ncdU7nk2nV4EffAd2iK2cM5YmOjwRerbAX5H3M.jpg

Абай облысындағы "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватында орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, сағат 14:50-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге резерваттың мемлекеттік орман күзетінің 97 қызметкері мен 38 техника тартылған. Сондай-ақ ТЖМ 158 қызметкері мен 22 техникасы, ішкі істер министрлігінің 101 қызметкері және 25 техникасы жұмылдырылған. Өртті ауыздықтауға төрт әуе кемесі қатысып жатыр. Атап айтқанда, «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының екі тікұшағы, қорғаныс министрлігінің Ми-17 және ҰҚК Ми-8 тікұшағы жұмыс істеуде.

Авиация өрт ошағына осы уақытқа дейін 82 рет су төккен. Оның ішінде «Қазавиаорманқорғау» тікұшақтары – 58, қорғаныс министрлігінің Ми-17 тікұшағы – 19, ал ҰҚК-нің Ми-8 тікұшағы 5 рет су шашқан. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт шамамен 60 гектар аумақты шарпыған. Өрт қарағайлы орманда шыққан. Негізінен төменгі қабатта таралғанымен, кей жерлерде ағаштардың ұшар басына дейін жеткен.

评论