АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс күшейді. 90 нысанға соққы жасалды

351
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7nrtEMmEl9oZmx9BXHSisvH8dmh37lw8W8vGVW46.webp

АҚШ әскері сәрсенбі күні кешке Иранға қарсы жаңа әуе соққыларын жасағанын мәлімдеді. Бұл ел президенті Дональд Трамптың соғысты тоқтату туралы келісім мерзімі аяқталды деп санайтынын айтқаннан кейін болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Шабуылдар алмасуы Анкарада өтетін НАТО саммиті қарсаңында басталды. Әскери шиеленіске Иранның Ормұз бұғазындағы сауда кемелеріне жасаған шабуылдары себеп болған.

«Бас қолбасшының тапсырмасымен АҚШ Орталық қолбасшылығы Иранның Ормұз бұғазындағы кеме қатынасының еркіндігіне қауіп төндіру мүмкіндігін одан әрі әлсірету үшін қосымша соққылар жасай бастады», – делінген қолбасшылықтың X әлеуметтік желісіндегі хабарламасында.

Ал Ақ үй басшысы бұл Иранның кемелерді бомбалауына берілген жауап екенін жеткізді. 

«Егер мұндай әрекет қайталанса, салдары әлдеқайда ауыр болады!» – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

АҚШ әскері жаңа соққылар толқыны аяқталғанын хабарлады. Мәліметке сәйкес, шабуылдар әуе қорғанысы жүйелеріне, зымыран және дрон қоймаларына, әскери-теңіз нысандарына және Иран жағалауы бойындағы логистикалық инфрақұрылымға тиесілі жалпы 90 нысанға бағытталған.

Иранның IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігі Ормұз бұғазы маңындағы бірнеше қалада, соның ішінде елдің ең ірі порты орналасқан Бендер-Аббас қаласында жарылыстар болғанын хабарлады. Бұл қалада Иран әскери-теңіз күштері мен Ислам революциясы сақшылары корпусының маңызды нысандары орналасқан.

Шабуылдар Чабахар, Конарак және Сирик қалаларын, сондай-ақ Лаван аралын да қамтыған. Чабахардың кейбір аудандарында электр энергиясы өшкен. IRIB мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, қаладағы екі айлақ пен теңіз диспетчерлік мұнарасы шабуылға ұшыраған.

Press TV телеарнасы Иранның оңтүстік-шығысындағы Ираншахр қаласының әуежайындағы терминал ғимараты мен ұшу-қону жолағында жарылыстар болғанын хабарлады. IRNA мәліметінше, әуежайда бір өрт сөндіруші қаза тауып, әуе қозғалысын басқару ғимараты мен метеорологиялық станса зақымданған.

Tasnim агенттігінің хабарлауынша, елдің солтүстігінде теміржол көпірі зақымдалған. Ал Fars агенттігі Бушер қаласында да жарылыстар естілгенін мәлімдеді. Бұл портты қалада Ресейдің қатысуымен салынған атом электр стансасы орналасқан. Иранның Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесіне жақын Nournews агенттігі стансаның зардап шекпегенін хабарлады.

相关新闻

评论
相关新闻