Тұңғыш рет: «БалуанTAS» алыптар командасы Жайдарманда өнер көрсетті

192
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/VUL9P3LxUodJRcKWfTX9Mi0fE7i9o5AIPejvSx2B.jpg

Астана күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «ELORDA CUP» республикалық арнайы жобасында ұлттық спорт өкілдері тұңғыш рет өнер көрсетті. Жайдарман сахнасында алғаш рет палуандар қауымының атынан «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының өкілдері құрған «БалуанTAS» командасы қатысып, өздерінің ерекше әзіл-оспағымен, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын мазмұнды қойылымдарымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

«Арнайы жобамызда арнайы командалар бар. Арнайылап Жайдарман сайыстарына қатысқалы отыр. Солардың бірі – ортада «БалуанTAS» батырлар құрамасы», – деді «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ президенті, кеш жүргізушісі Есен Елеукен.


 
Жоба Бейбітшілік және Келісім сарайында өтіп, еліміздің әр өңірінен жиналған үздік жайдарманшылардың басын қосты. Олардың қатарында Сейфуллин, БАҚ, Ұлттық ұлан, Мадмуазель, Медиа, Санат, Тұмар, Смарт, Ембі, Қызылорда, Джеки, Шаңырақ, Ақындар командалары. Осындай беделді республикалық сахнада ұлттық спорт саласының атынан алғаш рет бақ сынаған «БалуанTAS» командасының өнері көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, үздіктер қатарынан көрінді.
 

Сайыстық тізімге Түркістан облысы Отырар ауданы атынан тіркелген команданың басты ерекшелігі – қазақ күресі, ұлттық спорт, палуандық дәстүр, елдік рух және ұлттық мәдениетті әзіл арқылы дәріптеуі. Бұл бастама ұлттық спорттың заманауи мәдени кеңістікте жаңа форматта насихатталуына тың серпін берді.
Тағы бір ерекшелігі қатысушылардың барлығы да тұлғалы ірі жігіттер – бойы 190 сантиметрден 2 метр 10 сантиметр аралығындағы алыптар. Ернар Рзалиев (топ жетекшісі), Ернұр Садуақас, сондай-ақ Мақсат Нұрқалиев, Жансерік Бекназар, Дархан Бегайдар, Ернұр Жомарт, Мұхамеджан Кеңесбек және қосалқыда гимнаст-дзюдошы оқушы Еділ Мамырайхан болды.
 
Бұл орайда «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті Абылайхан Қалназаров:
«Біз қазақ күресі федерациясы мен федерациялары, ассоциациялары, жалпы ұлттық спорт түрлері федерациялары мен ассоциациялары, тіптен Туризм және спорт министрлігі жасамаған қадам жасадық. Өз үлгімізбен баршаға жол көрсетіп, үндеу жасап отырмыз. Тұңғыш рет күш иелері сахынада өнер көрсетті және жай өнер көрсетпей, өз құндылығын юмор тіліне байлап көрерменге жеткізді. Қазір заман талабы басқаша. Жастарға өз идеологияңды сіңіру үшін олардың сұранысына бейімделуің керек. Бұл жағынан «БалуанTAS» тұңғыш жолашар және мұзжарғыш болды», – деп атап өтті ол.
Бұдан бөлек А.Қалназаров:
«Бізде олардағыдай бюджет жоқ. Ондай алапат бюджет болғанда космосқа ракета ұшырып, әлдеқашан Марсқа қонушы едік. Бүгін әзіл күні ғой», – деп әзілдеді.
 
Алайда Абылайхан Мамырайханұлының айтуы бір бұл ғана емес. Оның айтуынша, Ресейлік КВН-ге лайықты балама етіп, қазақ жастар юмор саласын әлемдік деңгейге көтерген Есен Елеукенді де палуан қатарына жатқызуға болады. Яғни ол да балуантасшылар ұғымымен айтқанда, «символдық Балуан тас көтерген палуан». «Оның көтергені не?» дегенде, айтыс өнерін көтерген Жүрсін Ерман секілді қазақ әзіл-оспағы мен жастар Жайдарманының Балуан тасын еңсеріп, көтеріп тұғырлы орнына қойды.  
 
Ойын барысында топ жетекшісі Ернар Рзалиевтің «Балуан тас деген не?» деген сауалына, «БалуанTAS» командасының белді мүшесі Мақсат Нұрқалиев: «Балуан тас дегеніміз – Қажымұқан мен Балуан Шолақ аталарымыздың қолының табы қалған киелі жәдігер. Бұрын ақындар мұны жырласа, халық ауыздан-ауызға таратып, «Ерлік – ердің ісі, ал сол ерліктің куәгері – Балуан тас» деген», – деп жауап берді.
Айтса айтқандай,. «Baluan tas» академиясы алдағы уақытта да ұлттық спорттың құндылықтарын жастар арасында кеңінен дәріптеп, шығармашылық жобалар арқылы қазақтың күштік-рухани мұрасын жаңғырту бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.
Академия – қазақ күресі, бәйге, садақ ату, теңге ілу, көкпар, жамбы ату, аударыспақ, құсбегілік, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту секілді ұлттық спорт түрлерін тарихи-мәдени және ғылыми тұрғыдан жүйелеуге, олардың идеялық-ментальдық мәнін ашуға, сондай-ақ халық арасында ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған ғылыми-танымдық орталық. Құрылған күнінен бері «Ұлттық спорт кітаптары» сериясын, «Қазақ күшінің картасы», «Күш лекциясы» «Балуан тас сапары» экспедициясы, «Алыптар музейін ашу» сияқты жалпыреспубликалық жобаларды жүзеге асырып келеді. Енді міне олардың қатарына жастарға бағдарланған жаңа жоба – «БалуанTAS» командасы қосылып отыр.
 
Айта кетейік, академия жыл басынан бері Нәзір Төреқұлов музейін ашу мен деректі фильмін түсіру,
Қажымұқан драмасын қою (Жастармен коллаборация), Түркістан облысына Балуан тас экспедициясын ұйымдастыру, Көне Балуан тас рәсімін жаңғырту, «Балуан тас» ғылыми жұмысы (Жас ғалымдар) сынды бірқатар істерді атқарып, 20-дан аса «Күш» лекцияларын өткізіп үлгерді. Қазіргі таңда тақырыптық 2 музей ашуды жоспарлауда.

评论