Соңғы Сенат. Жоғары палатаның қоштасу жиыны өтті

404
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2sIOX0hH1lL1fylodi3Rl7fp0xJ8mzgzILcXLnw6.jpg

Бүгін, 29 маусымда Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның қорытынды отырысы өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Жиында мемлекет басшысының реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға қорытынды жасалды және бірқатар маңызды заңдар мақұлданды.

Мәулен Әшімбаев биыл Қазақстан Парламентінің 30 жылдығы аталып өтіп жатқанын айта келіп, осы уақыт ішінде Парламент өкілді демократияның негізгі институтына айналғанын және ел өмірінің барлық негізгі саласын қамтитын маңызды заңдарды қабылдағанын атап өтті. Сондай-ақ ол еліміз үшін тағдыршешті кезеңде Сенат депутаттары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімін жоғары бағалайтынын жеткізді және жаңа Конституцияны толық іске асыру мен Әділетті Қазақстанды құру жолында барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштердің бірігуі аса маңызды екеніне тоқталды.

«Сенат өз тарихында 890-нан астам отырыс өткізіп, 3,5 мыңнан астам заңды қабылдап, мақұлдады. Әрбір оныншы заң депутаттардың бастамасымен әзірленген. Бұл құқықтық актілер Қазақстанның жаңа саяси, экономикалық және фискалдық моделінің негізін қалап, әлеуметтік саясаттың берік құқықтық базасын қалыптастырды. Сонымен қатар сот және құқық қорғау жүйесін жаңғырту, азаматтардың құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және ұлттық қауіпсіздікті нығайту әрдайым басым бағыттардың қатарында болды. Заң шығару қызметімен қатар Палата басқа да бағыттарда белсенді жұмыс жүргізді. Осы кезеңде 60-тан астам парламенттік тыңдау мен 3 мыңнан астам жоспарлы іс-шара ұйымдастырылды. Үкіметке қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша 3 мыңға жуық депутаттық сауал жолданды. Осындай ауқымды жұмыстың барлығы халықтың мүддесін қорғауға және мемлекетімізді нығайтуға бағытталғанын атап өткен жөн», – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның жаңа Конституциясы 1 шілдеде күшіне енеді.

评论