«Екіжүзділік». Түркия Израильдің 1915 жылғы оқиғаларға қатысты шешімін сынға алды

229
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PWPXsQGpDjxvQjkKN6k1rGnpbRPqBZCqu5KosXhA.jpg

Түркия президенті әкімшілігінің коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуран Израиль билігінің 1915 жылғы оқиғаларға қатысты шешімін қатаң сынға алды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Anadolu Ajansı-ге сілтеме жасап.

Ол Израиль үкіметінің 1915 жылғы оқиғаларды «армян геноциді» деп тану туралы шешіміне желідегі парақшасында пікір білдірді.

«XXI ғасырдағы ең қатыгез жаппай қырғындардың бірін жасаған, балаларды, әйелдерді және қарттарды қоса алғанда, ондаған мың бейбіт тұрғынның өмірін қиған Израиль басшылығының тарихи оқиғаларды саяси қару ретінде пайдалануға батылы жетуі – екіжүзділіктің айқын көрінісі», – деді басшы.

Дуранның айтуынша, Израильдің 1915 жылғы оқиғаларды «геноцид» деп тануы – жазықсыз палестиналықтардың қанына қатысты жауапкершілікті, Таяу Шығыста жүргізіп отырған мемлекеттік террорды және адамзатқа қарсы жасалған қылмыстарды бүркемелеуге бағытталған нәтижесіз әрекет.

Сондай-ақ ол бүгінгі күні халықаралық құқық нормаларын өрескел бұзып, ауруханаларды, мектептерді, ғибадат орындарын және босқындар лагерлерін үздіксіз бомбалап отырған мемлекеттің моральдық және тарихи жауапкершілік туралы сөз қозғауын «адамзат тарихындағы ең үлкен ирониялардың бірі» деп атады.

«Геноцид жасады деген айыппен Халықаралық сот алдында жауап беріп отырғандардың Түркияға тарихтан дәріс оқуға немесе ар-ожданның қорғаушысы ретінде сөйлеуге ешқандай құқығы жоқ», – деп түйіндеді Дуран.

Еске салайық, бұған дейін Израильдің елдің сыртқы істер министрі Гидеон Саар ұсынған Осман империясындағы "армян геноцидін" тану туралы ұсынысты мақұлдағанын жазған едік.

评论