Тротуармен жүрген самокатшыға арналған айыппұл мөлшері жарияланды

93
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ovhphMSELdC6Sz3UdSGbMhuttpYjlagMNpHbJRjE.webp

2026 жылдың 25 тамызынан бастап электрсамокатпен тротуарларда жүруге тыйым салынады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Мәселеге қатысты жаңа заң қабылданды.

Аталған талапты бұзған азаматтарға 2 айлық есептік көрсеткіш (8 650 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған.

Электрсамокаттардың жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қатер төндіруіне байланысты оларды тротуарлардан шығару мәселесі бұған дейін де қоғамдық талқылауда болған. Бұл бастама жарты жыл бұрын Мәжіліс депутаттарының қарауына ұсынылған еді.

Осыған дейін «Жол жүрісі туралы» заңның 57-бабына сәйкес электрсамокат жүргізушілері алдымен велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен қозғалуға міндетті болатын. Егер мұндай жолдар болмаса, олар жолдың оң жақ жиегімен, қоғамдық көлікке арналған жолақпен, жол жиегімен немесе жаяу жүргіншілерге қауіп төндірмей, сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен тротуар арқылы жүруге құқылы еді.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, тротуарда жүруге рұқсат беретін норма заңнан алынып тасталды. Заңның бұл бөлігі ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң, яғни 2026 жылғы 25 тамызда күшіне енеді.

Электрсамокаттар мемлекеттік тіркеуге жатпайтындықтан, жеке меншік көлік құралдарының иелерін анықтау полиция қызметкерлері құқық бұзушыны тікелей тоқтатқан жағдайда ғана мүмкін болады.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жалға берілетін (кикшеринг) электрсамокаттарға қосымша талаптар енгізіледі. Атап айтқанда, олар техникалық байқаудан өтуге, міндетті сақтандыру рәсімдеуге, пайдаланушының жүргізуші куәлігі болуына, сондай-ақ мемлекеттік тіркеу мен нөмірлік белгі алуға міндеттеледі. Бұл талаптар тек жалға берілетін электрсамокаттарға қатысты, ал жеке меншік самокаттар бұрынғыдай мемлекеттік тіркеуден өтпейді.

Егер электрсамокат жүргізушісі полиция қызметкерінің тоқтау туралы заңды талабын орындамаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 613-бабына сәйкес, оған үш тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қолданылуы мүмкін.

评论