"Мәселе заңмен шешілуі тиіс". Кәсіпкер Жанықұлов бұрынғы жұбайының сөзіне қатысты пікір білдірді

101
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tdI7WtrsIRli6zXt8xVw4XbekOjZsHULnujAr0VS.jpg

Қазақстандық кәсіпкер, тележүргізуші Динара Сәтжанның жұбайы Жұмабек Жанықұлов әлеуметтік желіде бұрынғы жұбайы Жанна Жанықұлованың сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Кәсіпкердің айтуынша, туындаған даулар әлеуметтік желіде емес, заң аясында сот арқылы шешілуі тиіс.

«Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан барлық даулы мәселелерді әлеуметтік желілерде емес, сот тәртібімен шешуіміз керек», – деп жазды Жанықұлов Facebook парақшасында.

Оның сөзінше, бұрынғы жұбайы үш жылдан астам уақыт бұрын жасалған неке шарты мен алимент төлеу туралы келісімдерді сот арқылы жарамсыз деп тануды талап етіп отыр.

Кәсіпкер бұл құжаттарға қол қою кезінде бұрынғы жұбайының тәжірибелі заңгерлердің көмегіне жүгінгенін және сол кезде тараптардың ортақ келісімге келгенін атап өтті. Сонымен қатар Жұмабек Жанықұлов ажырасқаннан кейін келісімде көрсетілген барлық қаржылық және өзге де міндеттемелерін орындап келе жатқанын мәлімдеді.

«Балаларыммен қарым-қатынасым өте жақсы. Оларды әрдайым қолдап келемін және қолдай беремін», – деді ол.

Кәсіпкер бұрынғы жұбайымен арадағы келісімдердің мазмұны құпия екенін, сондықтан осы уақытқа дейін олардың шарттарын жария етпегенін айтты. Дегенмен, қажет болған жағдайда келісімдердің жариялануына қарсы емес екенін жеткізді.

Бұған дейін Жанна Жанықұлова Алматы қаласының ювеналды сотында неке шарты мен алимент төлеу туралы келісімді жарамсыз деп тану туралы іс қаралып жатқанын хабарлаған. Оның айтуынша, ажырасуға бұрынғы жұбайының опасыздығы себеп болған. Сондай-ақ ол соттан кәсіпкердің табысына қатысты мәліметтерді сұрату жөніндегі өтініштері қанағаттандырылмағанын айтқан.

评论